ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

 

Ежелден қанаттас орналасып, қатар қоныс тепкен қос аудан (бір кездері бұл өңірлер бір аудан болған) Махамбет, Исатай аудандарының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі - Тұрғали Мусағалиев. Биыл сексен жылдығы аталып өтіп жатқан Ұлы Жеңісті жақындатуға молынан үлес қоса тер төккен тылдағылардың қатарында тұрған жеткіншектердің бірі болғаны да ойға оралып отырған ол небәрі қырық алты жыл ғұмыр кешсе де, артында өшпес із, кейінгі ұрпақтарға үлгі боларлық жақсы өнеге қалдырды.

Тұрғали аға бұдан тоқсан үш  жыл бұрын ару Жайық жағасындағы Еркінқала ауылында дүниеге келген еді. Жайықтың ерке самалын құмарлана жұтып, қайраңына табаны тиіп өскен ол алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанын сезбеген болатын. Оның жасы тоғызға толғанда екінші дүниежүзілік соғыс басталды да, отбасындағы жалғыз апасы Тұраш екеуі ана құшағында қала берді. Ел басына төнген қиыншылық Тұрғали ағаны ерте есейтіп, оның өмірге жастай араласуына мәжбүр етті. Сабақтан тыс мезгілде және жазғы каникул кездерінде анасына қолғабыс етіп, көппен бірдей тіршілік, күнкөріс қамын жасады. Сөйтіп елге ерекше ауыр сын болған Отан соғысы жылдарында бойы өсіп, бұғанасы қатпай жатып-ақ тылда жұмыс жасағандарға қолынан келген көмегін жасады ол.

Жастайынан өмірге, білімге деген құштарлығы оны мектеп бітіргеннен кейін сол кездегі облыс орталығындағы саусақпен санарлық білім ұяларының бірі - Гурьев (қазіргі Атырау) мұнай техникумына алып келді. Бұл соғыстан кейінгі тапшы кезең еді. Осындай қиындыққа қарамастан Тұрғали аға сабағын зейін қоя оқып, техникумды жақсы бітіріп шықты. Сол кездегі Жұмағыз анасының қуанышын көрсеңіз. Елдегі ашаршылықты, одан кейінгі соғыс зардабын көрген абзал ана «Жалғызым оқуын бітіріп, мамандық алып келді. Құдайым тек оған жар болып, жалғыз ұлымның жұлдызын жарқырата гөр» деп аналық мейіріммен тілесе керек. Айтқандай, ана тілегі қабыл болып, ұлы тұлғалы азамат атанып, ел басқаруға дейін көтерілді.

Мұнай техникумын ойдағыдай аяқтаған Тұрғали аға көппен бірдей әскер қатарына алынып, төрт жылға жуық уақыт азаматтық борышын өтеп қайтты. Әскерде болған жылдар ол үшін нағыз азаматтық толысу, кемелдену жылдары еді. Кеңес армиясы қатарынан оралғаннан кейін жан-жақты жетіліп, шыңдалған жас азамат 1959 жылы сол кездегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке шақырылып, әуелі аға есепші-нұсқаушы, артынан ұжымшарларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы міндетін атқарды. Осы лауазымда жүрген кезінде ол ұжымда өзін білікті маман, тапсырылған іске әркез жауапкершілікпен қарайтын тұлға ретінде танытып, болашағынан үлкен үміт күттіретін қызметкер екендігін байқатты. Сол себепті де Тұрғали аға білікті кадрлар резервіне алынып, облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі қызметіне шақырылады. Бұл жұмыс оған бұрынғыдан да салмақтырақ, әрі жауапты еді. Ендеше, оған ертелі-кеш уақытпен санаспай жұмыс жасап, облатком төрағасының тапсырмаларын бұлжытпай орындауға тура келгені айтпай-ақ түсінікті болса керек. Осы қызметте жүріп ол жоғары білім алу қажеттілігін естен шығармапты. Сол кезде Алматы қаласындағы білімнің қара шаңырағы - С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университет) оқуға түсіп, оның экономика факультетін ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп, Жұмағыз ананың арқасүйер тірегі, жалғыз ұлы Алматыдан оқуын сәтті аяқтап, ауылға жоғары білімді маман болып оралады.

Бұл кезде облыста экономист мамандар өте аз болатын. Осылайша Т.Мусағалиев жас маман ретінде шалғайдағы аудан -  Қызылқоғаға қызметке жіберіліп, осы аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы және оны тапсыру жөніндегі инспекцияның бас мемлекеттік инспекторы лауазымында жұмыс істейді. Мұнда да ол абыройсыз болған жоқ. Аудан активтерімен үйлесімді тіл табысып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын көтеру жолында табандылықпен қызмет жасады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық атқару комитетінің аппаратында, Қызылқоға ауданында қызмет істеген жылдар Тұрекеңді жан-жақты шыңдап қоймай, оны облыс басшылығына да таныта түссе керек. Сөйтіп, ол облыстағы қабілетті, іскер мамандардың бірі ретінде 1962 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Аталмыш лауазым бұрынғыдан да күрделі, жауапкершілігі жоғары қызмет еді. Себебі, бүкіл облыс ауыл шаруашылығының келешегін жоспарлау жылдар бойына қол жеткізген нәтижелерді сараптап, талдау Тұрғали аға бастаған экономика саласының мамандарына жеңіл тимейтіні анық болатын. Кешегі кеңестік кезеңдегі жоспарлы экономика кезінде бұл жұмыстың қаншалықты маңызды екенін әркім де бағамдай алатын шығар. Тұрекең осы сыннан да сүрінбей өтіп, сол лауазымда тер төккен үш жылдай уақытта ыстығына күйіп, суығына тоңды.

Осылайша ауыл шаруашылығына терең маманданған абзал аға 1965 жылы, небәрі 33 жасында сол кездегі Махамбет ауданының «Забурын» кеңшарына басшылық жұмысқа тағайындалады. Білікті маманға көрсетілген зор сенім деп осыны айтса болар. Әйтпесе, ауданның бір қиыр шетінде қоныс тепкен, төрт түлік малы бар үлкен шаруашылықты басқарып, оның қым-қуыт шаруаларын ұтымды ұйымдастыру кез келгеннің қолынан келмесі ақиқат. Ал Тұрғали ағаның шебер ұйымдастырушылық қабілеті мен білікті басқару стилі осында жарқырай көрінді.

2007 жылы Тұрғали ағаның 75 жасқа толуына орай Алматы қаласында басылып шыққан кітапқа жазған естелігінде Атырау облысының Құрметті азаматы, облыс ауыл шаруашылығының ардагері, өңірге танымал тұлға болған  М.Сағынбаев сол кезді зерделі көңіл сүзгісінен өткізе еске алады.  

– Менің Тұрекеңмен таныстығым 1965 жылдың жаз айында басталды, – дейді ол. – Мен бұл кезде Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы өндіріс басқармасының бастығы болатынмын. Сол шақта кеңшар орталығы шалғайдағы Забурын селосынан (қазір Зинеден ауылы деп аталады) Жанбайға жаңа көшіріліп, әртүрлі құрылыс нысандары, мәдени-әлеуметтік ғимараттар енді ғана салынып жатқан кез еді. Себебі кеңшардың орталығын көшіріп, жаңа орынға қоныстандыру бір-екі жылда бітпейтін шаруа екені белгілі. Ал осындай қиындық, сындарлы шақ директор ретінде Т.Мусағалиевтың еншісіне тиген-ді. Оның үстіне кеңшардағы төрт түлік малдың шашыраңқы орналасуы, жазғы жайылымның 150-200 шақырым құм өңірінде болуы, мал азығын дайындайтын алқаптың тарлығы, малшыларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу ісі аз тауқымет жүктемейтіні өз-өзінен түсінікті. Тұрекең осының бәрін кеңшар мамандарымен бірлесе отырып, ұтымды ұйымдастыра білді. Ең алдымен ол шаруашылықты басқаруда білікті экономист екенін аңғартты. Кеңшар өндірісінің қай саласында да экономикалық тиімділікке баса назар аударып, бас және орта буын мамандарды осы іске бағыттап, жұмылдыра білді. Соның нәтижесінде бір-екі жылдың өзінде-ақ еңбек өнімділігі жоғарылап, өнім сапасы жақсара бастады. Бір сөзбен айтқанда, кеңшардың табысы артып, жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы түзеле түсті...

Айтса айтқандай, Тұрғали аға басқарған жылдары кеңшарда даңқты еңбек адамдары көбейіп, олар үлкен марапаттарға ие болды. Ленин ордені аға шопандар М.Нұрмұханов, Ғ.Айталиев, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Ж.Құсайынов, Октябрь революциясы орденді механизатор Қ.Мағазовтардың есімдері облыс асып, республикаға тарады. Аға шопан М.Нұрмұхановқа кейін төл алудағы, өнім өндірудегі жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, СОКП ХХV сьезіне делегат ретінде қатысады. Кеңшардан мұндай еңбек майталмандарының есімдерін бірнеше ондап атауға болар еді.

Абзал ағаның ауыл шаруашылығын басқарудағы оң қадамдары мен бай тәжірибесі, біліктілігі оның бұдан кейінгі жылдарда қызмет сатыларымен жоғарылауына да жол ашқанын айтқан ләзім. 1970-75 жылдар аралығында ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Осы соңғы жұмысында ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау ісін біліктілікпен ұйымдастыруда ерекше іскерлік қабілетін таныта білді. Облыс басшылары 1975жылдын бас кезінде білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде Тұрғали ағаға тағы бір сенім артып, оны Махамбет аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметіне жұмсайды. Бұл жылдары Махамбет ауданы екіге бөлінбеген, территориясы үлкен аумақта қоныс тепкен  болатын. Ауданда ауыл шаруашылығымен қатар мұнай өндірісі қатар дамып келе жатқан еді.

Тұрғали Мусағалиев Махамбет аудандық кеңесі атқару комитетіне басшылық еткен кезде бірқатар өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге мұрындық болып, батыл араласты. Аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Р.Т.Шырдабаевпен тығыз ынтымақ-бірлікте қызмет істеп, аудан орталығы Махамбет селосын желден, топырақ боранынан қорғау мақсатында аталған қонысты айнала ағаштар егіп, «жасыл белдеу» салуды қолға алды. Мұны жергілікті тұрғындар да түсіністікпен қабылдап, сол жылғы көктемнің өзінде 20 гектардай жер қоршалып, ағаштар отырғызылды. Қазір қолдан еккен сол талдар кей жерде орман болып, ауылды жасыл белдеу көмкеріп тұр. Сол сияқты аудан орталығында Жеңістің 30 жылдығына орай майданнан оралмағандар құрметіне обелискі ашылып, типтік жобадағы мектеп, тұрғын үйлер, мәдениет үйі басқа да әлеуметтік сала нысандары құрылысы басталды.

 

 

1977 жылғы 16 ақпанда Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Указы шықты да, соған сай соңғы рет 1957 таратылған Новобогат ауданы Махамбет ауданы құрамынан бөлініп шығып, қайта қалпына келтірілді. Облыс басшылығының жаңадан құрылатын ауданға басшыларды іріктеу кезінде таңдау тағы да Тұрғали Мусағалиевқа түседі. Сол жылғы наурыз айында өткен партия конференциясында ол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Аудан орталығы болады деп белгіленген Аққыстау елді мекені осыған дейін темір жол станциясы орналасқан шағын ғана қоныс болатын. Сол себепті мұнда бірінші кезекте аудандық мекемелерге кеңселер, мәдени-әлеуметтік нысандар салу қолға алынды. Ең басты проблема - тұрғын үйдің жоқтығы еді. Аудандық мекемелерде жұмыс жасайтын қызметкерлер басқа селодан немесе өзге аудандардан айдамалдап қызмет істеуге мәжбүр болды.

Осындай күрделі кезеңде Тұрғали аға батыл шешімдер қабылдап, тиісті мекеме-ұйымдармен тығыз бірлікте жұмыс жасай білді. Аудандағы барлық кеңшарлардың әрқайсысы аудан орталығы Аққыстау селосынан қысқа мерзімде 3-4 үйден салып беретін болды. Сонымен қатар облыс басшылығының ұйғаруымен ірі облыстық мекемелерге шефтік көмек ретінде жаңа аудан орталығынан 2-3 үй тұрғызу міндеттелді де, қызу жұмыс басталды. Аққыстауда бала оқытуға мектеп тарлығы сезіліп, бір мезгілде типтік жобамен орта мектеп құрылысы қолға алынды. Қысқасы, жаңа ауданда осынау құрылыстардан бөлек аудан басшылығы араласарлық басқа да көкейкесті мәселелер жеткілікті болатын.

Осындай қауырт жұмыс, күрделі проблемаларды түбегейлі шешу, аудан экономикасын өркендету, кадрларды іріктеу, орналастыру, оларды аудан алдында тұрған міндеттерді орындауға жұмылдыру жүйкеге салмақ түсіріп, денсаулыққа әсер етпей қояр ма? 1978 жылдың басында аудан басшысы Тұрғали аға науқасқа шалдықты да, аяғы айықпас дертке ұласты. Сөйтіп сол жылдың қыркүйек айы басында аудан жұртшылғы өз басшыларымен мезгілсіз қоштасып, ақырғы сапарға аттандырып салды.

Т.Мусағалиевтің ел алдында сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, ол «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталады. Әлденеше рет аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. 

Қазақта «Орны бар оңалар» деген нақыл сөз тегін айтылмаған. Тұрғали аға өмірден ерте кеткенімен оның ізгілікті жолын өнегелі ұрпақтары жалғастырып келеді. Тұрекеңнің 22 жыл отасқан жан жары, байырғы ұстаз Нәзен апай ақырғы деміне дейін аяулы азаматына адалдық танытып, ұл-қыздарын аяғынан тұрғызды, олардың жоғары білім алуына, отбасылы болуына қолдан келгенін жасады. Ол кісі де бұл күнде өмірден өткен. Тұрекеннің үлкен ұлы Жеткіншек қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, экономист мамандығын алып шықса, одан кейінгі ұлы Нұрлан да инженер-экономист, отбасылы.

Тұрекеңнің сүйікті қыздары Жамал, Гүлнара мен Эльмира да әке жолымен экономист, қаржыгер мамандығын таңдаған, үшеуі де жоғары білімді. Олардың бірі Астанада, екіншісі Алматыда отбасыларымен тұрып жатыр. Ал үлкені Жамал Атырауда, облыстағы үлкен өндіріс орны – жылу электр орталығында қаржы бөлімін басқарады.

-Біз, ұрпақтары әкемізді елі үшін қоғамның даму жолында әркез адал еңбек еткен тұлға деп санаймыз-, дейді Тұрғали ағамыздың үлкен қызы Жамал бізбен әңгімесінде. -Ол облыстық мекемелерде, Махамбет, Исатай аудандарында басшылық қызмет атқарған кезінде өзінің бар күш-жігері мен білім-қабілетін елге қызмет етуге аямай жұмсап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Әкеміз жұмыстан қаншалықты шаршап келсе де, отбасына оралған бойында ұл-қыздарына үнемі мейірім шуағын төгіп отыратын. Біздің жанұямызда қос әжеміз болды. Оның бірі - әкеміздің анасы, екіншісі нағашы әжеміз еді. Анамыз Нәзен екеуі солардың қасы мен қабағына қарап, өмірден өткенше риясыз сыйлады, сол үлкендердің ақ батасын алды.

Ата-анамыздың екінші бір қасиеті – қонақжайлығы еді. Әрқашан үйіміздің төрінде көрпе жаюлы тұратын, қазан қайнап жататын. Әкеміз отбасында бала тәрбиесіне де зор көңіл бөлді, бірақ ешқайсымызды орынсыз еркелеткен жоқ. Ең үлкеніміз Жеткіншек әжеміздің бауырында болды да, оның еркін өскендігіне аса көңіл аудармады. Ал қыздардың кішісі Эльмираны өте жақсы көрді. Жұмыстан үйге келгенінде оған ерекше мейірімін төгіп «өз қызым, қызыл гүлім» деп отыратын.

Бала тәрбиесіне келгенде орынсыз еркелетпейтін әкеміз ешқайсымызға да дауыс көтеріп ұрыспаушы еді. Қазір сол кездерді ойлағанда, әкеміздің жанға жайлы шуақты мінезі еске түскенде ауыр күрсінеміз. Әкенің біздің қызықтарымызды көре алмай, өмірден ерте өтіп кеткені жанға батады, кейде көзімізге жас алып та қоямыз. Бірақ бұл тағдырдың ісі ғой, не істерсің...

Тұрғали аға қызмет істеген Исатай ауданының жұртшылығы оның 75 жасқа толуына орай  Аққыстаудағы өзі тұрған үйге мемориалдық тақта қондырып, сол үй тұрған көшеге оның есімін берді. Бұл абзал азамат, тұғырлы тұлғаның рухына көрсетілген құрмет екеніне дау жоқ. «Жақсы адамның артында із қалады» деген нақыл сөз осыңдайдан айтылса керек.

 

 

Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT