Қазіргі таңда интернет кеңістігі күн сайын дамып, адамдардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп келеді. Алайда цифрлық технологияның артықшылықтарымен қатар оның көлеңкелі тұстары да бар. Әсіресе, соңғы жылдары түрлі «жеңіл табысқа кенелтетін» жарнамалар көбейіп, соның ар жағында алаяқтық әрекеттер тұрғаны жиі байқалады.
Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен иемденуді айтамыз. Яғни алаяқтар компьютер, смартфон, планшет сияқты заманауи құрылғылардың көмегімен адамдарды арбап, олардың қаражатын иеленіп, мүлкін жымқырады. Статистикаға сүйенсек, ауданымызда интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істердің саны өткен жылмен салыстырғанда 7-ден 20-ға дейін өсіп, күрт көбейген.Бұл – мәселенің өзектілігін айқындайтын көрсеткіш.
Мәселен, Атырау облысының тұрғыны жеңіл жолмен табыс табуды көздеп, интернеттегі бір сайтқа тіркелген. Телефон нөмірі арқылы аккаунт ашып, түрлі сомадағы инвестициялық пакеттерге ақша аударған. Сайттағы мәліметтерге сенген ол күн сайын пайда түседі деп ойлаған. Тіпті, шотында жиналған қаржысына қосымша 20 000 және 30 000 теңгелік пакеттер сатып алған. Жүйе «күн сайын 20 000 теңге пайда әкеледі» деп көрсеткендіктен, сенімі арта түскен. Кейін «100% кэшбек» деген жалған акцияларға қатысып, жалпы 500 000 теңге қаражат салған. Алайда ақшасын банк картасына аудармақ болғанда, жүйеде «өңделуде» деген хабарламалар шыққанымен, қаражат қолына тимеген.
Сөйтіп, азамат бірнеше мәрте түрлі банк шоттарына жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам қаржы аударып, ақыры алаяқтарға алданып қалғанын кеш түсінген. Соңында құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болды. Мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Сондықтан интернеттегі күмәнді ұсыныстардан сақтану – ең басты қорғаныс және қалай қорғануға болады? Ең алдымен күмәнді сілтемелер мен сайттарға кірмеңіз. Жеке деректерді (ЖСН, банк картасы нөмірі, SMS-код) ешкімге бермеңіз.Тек ресми және тексерілген платформаларға ғана қаржылық операция жасаңыз. «Жеңіл табыс», «тез ақша» деген ұсыныстарға алданбаңыз. Егер күдікті жағдай орын алса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Интернет арқылы оңай байып кетем деу – үлкен қауіп. Қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі – сақтық, ақпараттану және дер кезінде хабарлау. Әрбір азамат өзінің қаражаты мен жеке мәліметтерін қорғауға жауапты екенін ұмытпауы керек. Құрметті оқырман! Интернет – мүмкіндіктің де, қауіптің де алаңы. «Жеңіл жолмен табыс табамын» деген жалған уәделерге сенбей, әр ұсынысқа сын көзбен қараған абзал. Сіздің бір сәттік аңғалдығыңыз үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру, сақтық таныту – әрқайсымыздың басты міндетіміз. Өз қауіпсіздігіңізді өзіңізден артық ешкім қорғай алмайды!
Ажар ҚЫРЫҚБАЙ,
Исатай ауданы прокуратурасының прокуроры