Ауданымыздағы мәдениет пен өнердің қарашаңырағы «Жалын» мәдениет үйінің сахнасы талай өнерлі жастардың бағын ашып, таланттарына шабыт беріп, қанаттандырып келеді. Соның бірі де, бірегейі Таңшолпан Болатқызы жетекшілік етіп, мың бұралған бишілерді даярлайтын «Жалын» би тобы.
29 сәуір-Халықаралық би күніне орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Жалын» би тобының «Би өнері-шексіз әлем» атты есеп беру кешін өткізді. Би еркіндіктің белгісіндей болып, жанға ерекше қуаныш, көңілге сарқылмас шабыт сыйлайды. Талғамы бөлек көзқарасты көрермен де би өнеріне шөлдеп, асыға келгені кеште ине шаншыр орын болмағанынан белгілі. Кеш шымылдығын «Бастау» атты қазақ биімен ашылып, әрімен қарай сан түрлі ұлт өкілдерінің биімен жалғасын тапты. Кіші топтың тәтті бүлдіршіндері мен тәжірибелі үлкен топ та өнер көрсеткен кеште әртүрлі жанрдағыы билер көрініс тапты.
«Жалын» би тобы күні бүгінге дейін түрлі байқауларда топжарып, аудан мерейін асқақтатып келеді. Атап айтқанда, Орал, Алматы қалаларында өткен байқауларда бас жүлде, І-орын иегерлері атанды. Бұдан өзге талай белестерді бағындырып жүрген би тобы әркез жаңашылдықтан қашпай, шыңдалып келеді. Осындай жетістіктердің артында ұстаздың маңдай тері мен ерен еңбегі және ата-ананың сенімі мен қолдауы тұр.
Жарық сахнада көздің жауын алар костюмдермен ерекше би билеген бишілер көрерменнің риясыз қошеметіне бөленді. Кеште аудан өнерпаздыры бишілермен бірігіп өнер көрсетті. Шараны қорытындылаған аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқалиев Шара Темірланқызы бастаған шара ұйымдастырушылары мен би жетекшісі Таңшолпан Болатқызы және ата-аналарға өз ризашығылын білдіріп, кәсіби мерекемен құттықтап, алғыс хат пен гүл шоғын табыс етті.
Баланың өнерлі, өрен болып қалыптасуына көптеген үйірмелердің ықпалы зор. Кішкентайынан өнерге баулып, бойындағы дарынын шыңдауға ұмтылдырып, би үйірмесіне жетектеп әкелген ата-аналараға өз алғысымды білдіремін. Әрқашан бастамаларға қолдау көрсететін аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен әріптестеріме алғысым шексіз. Би өнері-тапжылмас еңбекті талап етеді. Бойында биге деген шексіз махаббаты бар шәкірттеріммен мақтанамын. Алар асуларымыз көп болсын,-деп «Жалын» би тобының жетекшісі Таңшолпан Болатқызы өз ризашылығын білдірді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА