«Жалын» мәдениет үйінде «Алғыспен ел көгерер» атты аудандық мерекелік шара өтті

Елімізде жыл сайын көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күні мереке ретінде аталып өтіледі. Себебі, бұл күн – тағдыр тәлкегімен елімізге еріксіз қоныс аударған түрлі  ұлт өкілдерінің ұлтымызға деген шынайы ризашылығын айтып, алғыс білдірер күн.  Осыған орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Алғыспен ел көгерер» атты аудандық мерекелік шара өтті.  Сахна шымылдығы Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің ұлт аспаптар ансамблінің орындауында «Көңілашар» күйімен   ашылды.  Одан әрі мәдени шара жалғасы халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Дулат Зұлқашевтың орындауындағы «Көк шолақ» әніне ұласты.

Шарада аудан әкімі Полымбет Хасанов құттықтау сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын  аталған мерекемен құттықтады.

-Қайырлы күн құрметті ағайын! Сіздерді көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген «1 наурыз – Алғыс айту күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Алғыс айту күні – бұл ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік, барлық  қазақстандықтарға деген құрметтің артуына негіз болған мемлекетімізде жүргізіліп отырған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.

Қазақ халқы – тумысынан кез келген игі іске, жақсы нәрсеге алғыс айтуды әдетке айналдырған халық. Ол әдетіміз әдепке айналған. Алғыс айту сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Бабадан балаға мұра болған қазақ халқының осынау ерекше қасиеті бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді. Осынау күн барымызды бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел, болашағы жарқын болары анық. Ендеше береке мен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың ордасы болған қасиетті қазақ елі жасай берсін. Елімізде тұрмыс кешіп жатқан әр ұлт пен ұлыстың қазақ халқына деген ризашылығы артып, бір шаңырақ астындағы ауызбіршілігіміз баянды, бір-бірімізге деген алғысымыз мол болғай. Өңірімізді дамыту жолындағы сіздердің, әрбіріңіздің еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз зор. Ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлестеріңіз бен тың бастамаларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ырысты ынтымағымыз бен берекелі де баянды бірлігіміздің мәртебесі арта берсін. Баршаңызға зор денсаулық, әр отбасына амандық пен игілік тілеймін! Алар асуымыз бен алғысымыз көп болсын, құрметті ағайын! Мереке құтты болсын,-деді де мерекеге орай еңбек майданында елеулі үлес қосып жүрген және халыққа шынайы жанашырлығын танытып жүрген бір топ аудан азаматтарына Ағыс хат табыстады.

Атап айтсақ, Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген зейнеткер Бағила Ибраймова, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ «ШЧ-8» мекемесінің электрмеханигі, Томан ауылының тұрғыны, ауылдастарын жұмыспен қамтып жүрген белсенді азамат Алексей Чернов және аудандық аурухананың психонарколог кабинетінің медбикесі, халыққа үнемі қолұшын созып жүрген ақ халатты абзал жанның бірі Ғалия Мұсағалиева, №6 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Мейірбек Сыдыхов пен жеке кәсіпкер, қиналған жанның жанынан табыла білетін, аз қамтылған отбасыларыға қолдау білдіріп жүрген Сағира Құспанова және белсенді жастар өкілі, волонтер Ырысбек Құзайыров марапатталды.

Келесі мерекелік құттықтау легін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, Қазақстан халық ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының аудандағы сарапшысы, ардагер ұстаз Ерболат Насимуллин жалғады.

-Елімізде айтулы әр түрлі мереке көп. Бірақ, сол мерекелердің ішінде әр түрлі ұлт өкілдерін де, жас пен кәріні де, сан түрлі мамандық иелерін бір-біріне жақындастыратын ең ерекше мереке – алғыс айту күні. Қоғамдық кеңестің атынан аудан халқына өз ризашылығымды білдіре отырып, алғыс айтамын. Еліміз сан түрлі қиындықтарды бастан кешсе де, алдағы арманы мен үкілеген үмітінен ешқашан көңілін үзбеген. Сондықтан да үлкен жаhанды бағындырған елдердің арасынан да қазақтың көк туы биік желбіреп тұр. Әуелі бізді өмірге әкелген ата-анаға, ағайын-туыс пен бауырмал бауырларға, ұжым болып бірге қызмет атқарған әріптестеріме өз алғысымды айтамын. Алғыс айту күнінің мән-мағынасы тереңде, жанымызда жүрген жақын жанның бәріне бек рақмет. Алайда айтулы күні ғана емес Жаратқанның әрбір жарық күнінде бір-біріміздің қадірімізді біліп, риясыз көңілмен алғыс айтып, ізгі тілек білдіріп жүре берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай,-деді ол.

Шараға жиылған қауым да тілекке іштей қосылып, біріне-бірі өз алғыстарын білдіріп жатты. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Түрлі ұлттың ән мен биі орындалып, халықтың қошеметіне бөленді. Оған дәлел ретінде белгілі әнші Айдана Бақытованың орындауындағы шешен халқының «Мой Казахстан» әнін орындағанда шешен ұлтының өкілі Зелимхан Зубариевтің көзіне жас алғанын айтуға болады. Концерттік бағдарлама Айымгүл Машаеваның орындауындағы «Алғыс» әнімен қорытындыланды.

Иә, Алғыс айту күні – дөңгеленген әлемнен біздің қоршаған ортаға дейін, жанымыздағы асыл жандарға ерекше ілтипат білдіретін ерекше күн. Әрине, мемлекет бекіткен күні ғана емес, әр адам өз ризашылығын сәт сайын білдіру – парыз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT