Жамила Бисалиева «Сағындым сені» ән байқауында бас жүлдені иеленді

суреттер автордікі

 

Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған «Сағындым сені» атты аудандық ән-байқау өтті. Шараға ауданға қарасты жеті ауылдық округтің өнерпаздары қатысып, сазгердің кең жүрекке жол тапқан лирикалық және патриоттық әндерін орындады. Қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы Ескендір Хасанғалиевтің шығармаларына деген сүйіспеншілік пен құрмет байқау барысында айқын көрініс тапты.

 

 

Байқауға қатысушылар қатарында аққыстаулық Данагүл Құспанова, қамысқалалық Асылжан Шаяхмет пен Орынгүл Шонтбаева, нарындық Жанбота Шайдолла, тұщықұдықтық Жамила Бисалиева, жанбайлық Асемгүл Ерғазиева, зинедендік Марта Жаналиева және исатайлық Мирас Махмуд сынды өнерпаздар болды.

 

 

Әрқайсысы сахнада өзіндік мәнермен, шынайы сезіммен өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 

 

Қазылар алқасы құрамында кәсіби музыка мамандары, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұстаздары – Кенжемұрат Мажитов пен Зухра Иралиева, сондай-ақ әнші, сазгер, «Айғөлек» вокальды-аспапты ансамблінің мүшесі Садуақас Муханбеджанов төрелік етті.

 

 

Олар қатысушылардың вокалдық шеберлігіне, сахна мәдениетіне және туындыны орындау ерекшелігіне мән беріп, лайықтыларды анықтады.

 

 

Нәтижесінде  Жамила Бисалиева өзінің ерекше тембрлі даусымен, әнді жүрекпен орындаған шеберлігімен бас жүлдені иеленді.

 

 

Қоңыр үнді, сазды дауыс иелері – Мирас Махмуд пен  Асылжан Шаяхмет бірінші орынды тең бөлісті.

 

 

Екінші орын – Асемгүл Ерғазиеваға, ал үшінші орын – Орынгүл Шонтыбаеваға бұйырды.Қалған қатысушылар да назардан тыс қалмай, Алғыс хаттармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.

 

 

Сонымен қатар сол кеште аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Жұмабеков бұл шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

 

 

–Бұл байқау Ескендір Хасанғалиевтің өлмес мұрасын ұлықтап қана қоймай, жас өнерпаздарға үлкен шабыт сыйлады. Әр қатысушы сахнаға ерекше дайындықпен шығып, әнге деген құрметін, орындаушылық мәдениетін көрсетті. Біз үшін ең бастысы – қатысушылардың ән арқылы сезімін жеткізе білуі мен сазгер шығармаларының мәнін терең түсінуі болды. Байқау барысында ауданымызда дарынды, үміті зор өнер иелерін көріп, қуаныш сезімде болдық. Осындай шаралар рухани құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыра беретіні анық.Сондай-ақ, осы іс-шара барысында аңғарғанымыз сахнаны безендіруі бәрі тамаша, – дейді ол өз сөзіңде.

 

 

Осылайша, кеше екі сағатқа созылған ән-байқау көрермендерге тамаша әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT