Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша басқармасының басшысы-Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Ермаханбетов бастаған топ іссапармен ауданымызға келіп, мемлекеттік қызметкерлер еңбек етіп жатқан біраз мекемелер мен ұйымдарды аралады. Сондай-ақ аталған топ мүшелері сол күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызметкерлермен де кездесіп, оларға жаңадан редакцияланған Әдеп кодексінің талаптарын жан-жақты түсіндіріп берді.
Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деп аталатын бес бөлімнен тұрады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді. Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді. Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Мемлекеттік қызметшілерге мынадай талаптар қойылады:
-қарапайым болу жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау;
– мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;
– заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау;
– азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау;
– іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, азаматтардың көз алдында өздері өкілі болып табылатын мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне айқын нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға жол бермеу;
– лауазымдық міндеттерді атқаруға байланысты кез келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау;
– жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын, сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау;
– мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдаланбау;
– қызметтік міндеттерді адал орындауға кедергі келтіретін құқыққа сыйымсыз қаржылық және мүліктік мүдделерді қудаламау.
-Бүгінде мемлекеттік аппараттың қызметі қоғам сұраныстарын қанағаттандыруға, оның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, яғни сервистік қызмет көрсетуге бағытталуда. Демек, клиентке бағдарланған мемлекеттік аппарат құру жалпы мемлекеттік қызметшілердің көзқарасын түбегейлі өзгертуді талап етеді. Жаңа редакцияда бекітілген Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын қалыптастыруды көздейді. Сонымен бірге қызметшілердің мемлекеттік саясатты ұстануы аталып өтілген. Сол себепті Әдеп кодексінің мемлекеттік қызметшілер үшін маңызы зор,-дейді басқарма басшысы-Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ерлан Мейрамханұлы.
Бұдан кейінгі кезекте облыс әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Азамат Бекіш сөз сөйлеп, Әдеп кодексінің ерекшеліктері мен мемлекеттік басқару академиясына қабылданудың жолдары туралы сөз қозғады. Соңында аудан әкімі Полымбет Хасанов ауданымызға арнайы келген топ мүшелеріне ауданның мемлекеттік қызметшілері атынан ризашылығын айтып, алғыс сезімін білдірді.