Жан ауыртатын жайт көп

Қолыма қалам алғызған Жанбай ауылының тұрғыны Мұстажап Аяшұлы деген азаматтың «Нарын таңында» жарық көрген «Балаққа түскен бит басқа шықпай қоймайды» атты мақаласы болды.

«Айтылмаса сөз жетім, киілмесе бөз жетім» дегендей, ол азаматтың біреуден естігенді, оқып-білгенін жазып отырғанын түсінемін. Мен көргенімді айтайын.

Өзім қазір Аққыстау ауылында тұрамын. Ерім дүниеден озды, шүкір, ұрпақ бар, балаларымыз әр жерде, Астанада, Атырауда, аудан көлемінде дегендей, тірік етіп жатыр. Құм өңірінің Үшқызыл деген жерінде бір балам тұрады, жиырма жылдың үстіне шықты. Орталықта сол баламның балаларын оқытып отырмыз. Айтпағым, сол балаларды өткен каникулдарында ауылға алып барғанымда Сәт ата бейітінің басына барудың реті келіп, жолға шыққанбыз. Орта жолға жеткенімізде сонадайдан ақ шаңқан вагондар көрінді. Баламнан «бұл не?» деп сұрадым. Ол «Қытайдың адамдары, мұнай қарап жүрген» дейді. 10 шақты вагон, әртүрлі машина, құдды бір шағын қалашық сияқты. «Ойпырмай» дедім жүрегім жылап, көзіме жас келді.

Былтыр құмда біраз мал өлді. Оның неден өлгені белгісіз. Дұрыс диагнозы да қойылған жоқ. Астанадан, Алматыдан келген дәрігерлер уланған деді. «Оның даламызды кезген жер қазушылардан емес екендігіне кім кепілдік береді?», «Неге уланады, бұрын неге өлмейді?», «Елімізді қытай жайласа, құмда күнелтіп отырған халықтың малы өлсе, суындағы балығы қырылса, сонда не болғанымыз?» деген сауалдар мазалады. Тіпті, ата-бабамыздың салт-дәстүрін сақтайтын ұл-қыздарымыздың жағдайы да өте мәз емес сияқты.

Күнделікті газеттен, радиодан қалт жібермей оқып, тыңдап, көріп отырмыз. Айта берсе, жан ауыртатын мәселе көп, тек ел тыныш, бас аман болғай.

Қансұлу МҰХТАРОВА,

зейнеткер Аққыстау ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521