Қоғамның тұрақты дамуы мен өркендеуі ең алдымен, адамдар арасындағы тең мүмкіндіктер мен үйлесімді қарым-қатынастан басталады. Бұл тұрғыда жүйелі гендерлік саясат бейбітшілік пен дамуға бастар басты бағыттың бірі ретінде күн тәртібіне берік орнықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын қайта қарау жөніндегі тапсырмасы осы бағыттағы жұмыстың жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді.
Соңғы жылдары ауылдық жерлерде әйелдерге бағытталған түрлі әлеуметтік жобалар мен бастамалардың жүзеге аса бастауы – осының айғағы. Бұл бастамалар әйелдердің жан-жақты дамуына, психологиялық тұрақтылық пен ішкі үйлесімділікке жетуіне жол ашып келеді. Өйткені әйелдің ішкі күйі тұтас отбасының, айналасындағы орта мен қоғамның ахуалына тікелей әсер етеді. Сондықтан да бүгінгі күні әйел адамның жеке шекарасын қалыптастыру, өзін тыңдау, рухани тепе-теңдік табу аса өзекті қажеттілікке айналды.
Ауданда құрылған әйелдер клубы – осындай сұраныстан туған бастамалардың бірі. Бұл тек бас қосып, пікір алмасатын орта ғана емес, жан дүниеге тыныштық сыйлайтын, қолдау мен сенімнің алаңына айналған кеңістік. Мұнда әйелдер бір-біріне тірек болады, тәжірибе алмасады, жаңа қабілеттерін ашып, өз мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бүгінде ауылда отырып-ақ дамудың сан қырын меңгеріп, өзгелерге мотивация сыйлап жүрген әйелдер жетерлік. Солардың бірі – кәсіпкер Оксана Бекешова. Ол Атырау облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының Исатай ауданындағы мүшесі. Ауылдағы әйелдердің дамуына серпін беріп, рухани және әлеуметтік қолдау алаңын қалыптастырып жүрген белсенді жан. Ендеше біз әйелдердің бүгінгі қоғамдағы рөлі, ауылдағы мүмкіндіктер, ішкі тепе-теңдік пен өзін табу жолы туралы әңгімелесейік.
– Оксана Бисембайқызы, әйелдер клубын ашудағы бас-ты мақсатыңыз не болды? Бұл идея алғаш рет қайдан туындады?
– Шын мәнінде, бұл идея жүрегімде бұрыннан жүретін. Бірақ бірден іске асыруға дайын болмадым. Баламен үйде отырып, әйелдермен терең жұмыс істеуге әлі де өзімді толық дайын сезінбей жүрген кезім еді. Алайда 2024 жылдың қарашасында өмірім түбегейлі өзгерді – қызымнан айырылып қалдым. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды. Оған дейін өзімнің салоным, дүкенім болды. Бірақ сол жағдайдан кейін барлығын тоқтаттым. Іштей тыныштық іздедім. Рухымды емдеу үшін Атырауға барып, йога курсына жазылдым. Сол сапар мені қайта өмірге әкелгендей болды. Таңғы жаттығулар, тыныс алу, табиғатпен үндесіп, күнмен бірге ояну – менің жанымды емдеді. Сол кезде ұмыт қалған бір ой қайта оянды: әйелдерге арналған рухани, дене және психологиялық даму кеңістігін ашу керек екенін жүрегіммен сезіндім. Сөйтіп, 2025 жылдың қаңтарында әйелдер клубының жұмысын ресми түрде бастадым. Себебі мен де адаммын. Менің де әлсіз тұстарым, ішкі күрестерім бар. Бірақ адам өзін өзгерте алса, айналасын да өзгертеді. Сондықтан мен өзімді жетілдіре отырып, өзгелерге де шабыт, тірек болғым келеді. Мұнда келген әрбір әйел өз-өзін тыңдай бастайды, ішкі күйін қабылдайды, сенімге келеді. Ең бастысы – өмірге жаңа көзқараспен қарай бастайды.
– Осы бастамаңыздан кейін клуб қандай бағытта жұмыс істей бастады? Әйелдерге нақты не ұсынылады?
– Біз бұл клубта әр әйел өзін тыңдап, ішкі әлеміне үңілуге, тыныштық пен үйлесімділік табуға мүмкіндік алса дейміз. Таңертеңгі уақытта түрлі бағыттағы пайдалы шаралар өтеді: денені сергітетін йога, тынысты реттеп, бойды жеңілдететін жаттығулар, мотивациялық кездесулер мен пайдалы кеңестер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Уақыт өте келе біз коучтар мен психологтарды шақырып, әйелдердің сұранысына қарай бағдарламаларымызды толықтырып отырамыз. Клубқа келген әр әйел өзіне керегін табады: бірі – күн тәртібін реттейді, бірі – күнделік жазып, ішкі сырын ақтарады, енді бірі – рухани дамуға бет бұрып, өзін жаңадан тани бастайды. Ең маңыздысы – әйелдердің бір-біріне деген қолдауы мен ортақ энергиясы. Бірінің өзгерісі екіншісіне серпін беріп жатады. Бұл – бәріміз бірге өсіп, шабыт алып, демеу табатын орта.
Жалғасы газеттің №30 (4243) санында
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА