Бүгін Тұщықұдық ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Бұл игі шара Республика күні қарсаңында жүзеге асып, барша ауылдастар үшін қуанышты оқиға болды. Жаңа нысанның бой көтеруі – ауыл-аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, өңірлерді дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың бір көрінісі.
Тұщықұдық ауылдық округі әкімі аппараты бұған дейін 1975 жылы сол кездегі Чапаев атындағы кеңшардың кеңсе үйі ретінде салынған ғимаратты қоныс етіп келген болатын. 1991 жылы кеңшар таратылып, оның орнындағы «Ақкөл» кооперативі әкімшілігі де осында орналасты. Ал 1996 жылдан бастап ғимарат Тұщықұдық ауылдық әкімдігіне беріліп, осы уақытқа дейін пайдаланылып келді. Алайда, арада өткен жарты ғасыр уақытта әбден тозған ғимарат апатты жағдайға жеткен еді. Қыста жылынбайтын, төбесінен су ағатын, қабырғалары сөгіле бастаған нысанның орнына жаңа әкімшілік ғимарат салу қажеттігі жиі көтеріліп жүрген мәселе болды.
Енді міне, заманауи үлгіде бой көтерген жаңа ғимаратта ауыл әкімдігі қызметкерлерінің еңбек етуіне барлық мүмкіндік жасалған. Кең әрі жарық кабинеттермен қатар, мәжіліс залы мен ардагерлер бөлмесі және ветеринарлық кабинет те қарастырылған екен. Барлығы да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Осындай қуанышты сәтке куә бола жеткен біз ауылдық округі әкімі Арслан Амировті сөзге тарттық.
-Құрылыс жұмыстарын «Clima Eng» ЖШС сапалы әрі уақытында аяқтады. Жаңа ғимараттың бой көтеруі – тек әкімдік ұжымының емес, бүкіл ауыл халқының қуанышы. Ауыл келбетін арттырған жаңа ғимаратымызда тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы да арта түседі. Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмасы біздің ауылымызда осылай нақты іспен жүзеге асып отыр. Ең бастысы, қызметкерлеріміздің нәтижелі жұмыс жасауына, халыққа қалыпты қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалды,-деді ол.
Міне, аталған жаңа нысанның ашылу рәсіміне кезек келіп, салтанатты түрде керме лентасы қиылып, шашу шашылды. Мереке алдында мерейді өсірген шарада аудан әкімі Нұрым Мусин ауылдастардың баршасына ақжарма тілегін арнап, құтты болсынын айтты. Еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, басқа да ауыл тұрғындары көптеп қатысқан салтанатта көпшілік жаңа ғимаратты ел игілігіне нәтижелі қызмет ететін нысан ретінде бағалаған пікірлерімен бөлісті. Еңбек ардагері, Тұщықұдық ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Қайырлиева да солардың бірі еді.
-Біз бұл күнді асыға күттік. Бұрын апатты жағдайдағы ғимаратта жұмыс істеу кішкене қолайсыздық тудыратын. Енді бәрі жаңа, ғимарат іші кең, жарық. Тіпті, ветеринар мамандарының өз кабинеті болуы – ауыл шаруашылығына деген қамқорлықтың айғағы. Бұл – біздің ауыл үшін үлкен жаңалық. Осындай игі іске атсалысқан барша ел азаматтарына ризашылығымды айтамын,-дейді ардагер анамыз.
Мұнан соң аудан әкімі мен ардагерлер жаңа ғимарат ішін аралап көріп, жүргізілген құрылыс сапасына оң бағаларын берді, қызметкерлер мен мамандар жаңа ғимаратта жаңа қарқынмен қызмет етуі керектігін де еске салды.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ