Жаңа кодекс күшіне енді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ҚР-ның халқына арнаған Жолдауының «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» туралы бөлігінде «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», - деген болатын.

Мемлекет басшысының осы тапсырмасы негізінде 2020 жылы әкімшілік-рәсімдік процесстік кодекс жарық көріп, Ел Президентінің Жарлығымен 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап мамандандырылған әкімшілік соттар өз жұмысын бастады. Атырау қаласынан да мамандандырылған ауданаралық соты ашылды. Әкімшілік-рәсімдік процесстік кодекстің қолданысқа енгізілуі – еліміздегі елеулі өзгерістің бірі деп айтуға болады.

Кодекс жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруды; жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізуді; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз етуді; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтуды қамтамасыз етеді.

Жаңа сот жүйесінде әкімшілік іс жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулар қаралады. Жаңа кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жария-құқықтық қатынастардан туындаған дауларды аудандық соттар қарап келген болса, қазіргі күнде бұндай дауларды мамандандырылған әкімшілік соттар қарайды.

Кодекстің тағы бір ерекшелігі ақшалай өндіріп алу. Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.

Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.

Ал, соттың шешімін, орындамағаны үшін сот осы сот актісінде ол бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

Жаңа кодекс бойынша азамат мемлекеттік органның шығарған әкімшілік актісімен келіспейтіні туралы «талаппен» жүгінсе жеткілікті. Сот талап қоюшыға талап қоюды дұрыс толтыруға, формальды қателерді түзетуге, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеп, өзінің шығарған шешімінің орындалуын бақылайды. Бұрын-соңды сот шешімдерінің орындалуын сот орындаушысы қадағаласа, жаңа заңға сәйкес бұған енді судья құқылы.

Осы жерде Кодекстің жаңашыл қағидаты «соттың белсенді рөлі» қағидаты жұмыс жасайды, яғни сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтініш хаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелер жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындалуын бақылайды.

Аталған Кодекс тараптардың арасындағы теңсіздікті жоятынына сенімдіміз.

Жазира МҰХАМЕТОВА, 

Исатай аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521