Жаңа жолдарды күтіп ұстау керек

Нарын ауылы тұрғындарының тілегі осы.

Нарын ауылындағы есеп беру жиындары бұрын қызу талқымен өтетін. Олай болатын жөні де бар еді. Ұзақ жылдар жол, дәрігерлік амбулатория сияқты өмір сүруге қолайлы жағдай туғызатын маңызды нысандардың болмауы немесе тозығы жетуі, ауыл үстінен өтіп жатқан жолаушылар пойызының тоқтамауы тұрғындарды біраз титықтатқан болатын. Соңғы жылдары сең қозғалып, жаңа нысандардың салынуына оң қадамдар жасалып, ауылда ілгерілеу байқала бастады.

Қазір ауылда жаңадан салынған ғимаратта фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс жасап тұр, жаңа мәдениет үйін салу, тоқ көзін «Теміржолэнерго» ЖШС-нен «Атырау – Жарық» АҚ желілеріне қосу жоспарлары бар, жол құрылысы 100 пайызға жуық аяқталды.

Осы және басқа да атқарылған жұмыстар жөнінде Нарын ауылдық округі әкімі Рухолла Тәкенов есеп беру жиынында баяндады.

- Өткен жылы Нарын каналынының Жанбай-Ақбас аралығын құм басып, су жүруге кедергі келтірген тұстарына «ҚазСуШар» мекемесі арқылы тазалау жұмыстары жүргізілді.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Нарын ауылының көшелеріне жарық шамдар орнатылды. Ауылдың орталық саябағында «Құмаршық» шағын сәулет формасы бой көтеріп, тұрғындар игілігіне берілді.

Сонымен қатар, 80 орындық балабақша құрылысының және ауылдың бас жоспарына сәйкес, Ынтымақ, Достық, Ұстаздар және Парасат көшелеріне тұрғындарға үй құрылысын салу үшін инженерлік инфрақұрылым (электр энергиясы, су құбыры, газ желісі) тарту жобалары сараптамадан өткізілуде. Ал, Жаңа құрылыс, Ардагер және Шұғыла көшелеріндегі ескі ағаш соқаларды жаңа бетон соқаларға ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) жасақталуда. Осы арқылы ауылдағы су айдау орталығы, кәріз ғимараты, ауылдық клуб және жеке секторлар «Теміржолэнерго» ЖШС-нен «Атырау Жарық» АҚ мекемесінің тоқ көзіне көшіріледі.

Мал моласы құрылысы жобасы мен 300 орындық мәдениет үйі құрылысының ЖСҚ-сына сараптамадан оң қорытынды алынды. Бұл өз кезегінде ауылымыздың мәдени көпшілік шараларын өткізуде оң өзгерістерге бастау алатыны анық.

2021 жылы Нарын ауылы және Жаңа Жанбай елді мекені көшелерін толықтай жарық шамдармен қамту үшін ЖСҚ жұмыстары басталды.

Тұрғындар үшін аса маңызды сұранысқа ие кірмежол мен ауыл ішілік Ынтымақ, Достық, Шұғыла, Мектеп, Ардагер және Жаңа құрылыс көшелерінің 12,1 шақырымды құрайтын жол құрылысы аяқталып, Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл толу қарсаңында пайдалануға берілді,-деді.

Жиында сөз алған аудан әкімі Полымбет Хасанов жаңа жыл келеңсіз оқиғалармен басталғанымен, Мемлекет басшысы дер кезінде халықтың сұранысына сәйкес жаңа өзгерістер мен тиісті шешімдер қабылдағанын, өткен жылы елде қиындықтар болғанына қарамастан, ауданда айтарлықтай жұмыстар атқарылғанына тоқталды.

img_2224

- Ауданымыз үшін өткен жыл қарқынды құрылыс жұмыстарымен есте қалды. Ауыл іштерін сапалы жолдармен қамтамасыз ету мақсатында Нарын ауылында 12,1 шақырым болатын кірме және ауылішілік автокөлік жолдары салынып, пайдалануға берілді. Тұщықұдық ауылы ішіндегі 6 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол құрылысы аяқталып, 26 көшені қамтитын 8,3 шақырымдық автокөлік жолдарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, Жанбай ауылында 18 көшені қамтитын 9,5 шақырымдық автожол асфальтінің төменгі қабаты салынып бітті, жоғарғы қабатын осы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Аққыстау ауылындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту бойынша 31 көшеге 16,3 шақырымға жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылға бөлінген қаражатқа сәйкес 4,7 шақырым ауылішілік жолдың асфальтінің төменгі қабаты төселді. 2022 жылы аталған нысан бойынша жұмыстар жалғасады.

Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Аққыстау ауылында 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы салынуда. Биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта ауданымыз 97 пайыз көгілдір отынмен қамтылған. Ұзақ жылдардан бері халықтың сұранысын тудырып келген Жасқайрат, Қызыл үй елді мекендеріне де газ желісін тарту жұмыстары өткен жылы басталды. Жасқайратта 17 шақырым, Қызыл үйде 10 шақырым пластик құбырлар тартылып көмілді, 6 шақырым пластик құбыр жалғанып қойды.

Аудан тұрғындары үшін тағы бір қуанышты жаңалық ауыл көшелерін жарықтандыру және электр желілерін жаңарту мақсатында 2012 жылы жұмысы басталып, тұрып қалған электр желілерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, 31 желтоқсан күні толықтай пайдалануға берілді,-деді.

Жиында ұсыныс білдірген ауыл тұрғыны Зинолла Елешовтің айтуынша, Нарында соңғы екі-үш жылдан бері көктемнен қара күзге дейін топырақ борап тұрады, теңіз тартылып, ашық кеңістік пайда болған сайын бұл құбылыс үдеп барады. «Исатай ауылындағыдай құм тоқтату жұмыстарын Нарында да жүргізсе немесе көгалдандыруды қолға алса» дейді. Соңғы кезде Нарын ауылының жасөспірімдері спорттық жарыстардан жүлделі орындар иеленіп жүрген көрінеді. Олардың жаттығуларына, бір жағынан бос уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай жасау үшін ауылға спорт кешені керек екенін айтты.

img_2237

Ал, ауыл тұрғыны Жұмабай Нұржанов «жаңадан салынған жолдарды күтіп ұстауды қолға алу керек» дейді және ауылда үйдің сыртына қондырылған газ есептегіш құрылғыларға пайдаланылған газ мөлшеріне қосымша ақы талап ететінін, не үшін газ есептегіштің көрсеткішімен төленбейтінін сұрады. Ол жөнінде аудандық газ шаруашылығының басшысы Жеңісбек Қабиевке хабарласып, жауабы берілді. Түсінуімізше, газ есептегіштің үйдің сыртына және үйдің ішіне қондырылатын екі түрі болады, егер үйдің ішіне қондыруға арналған газ есептегіш сыртқа орналастырылса, қосымша ақы төленеді.

img_2236

Ауыл тұрғыны Зарипа Өткелбаева Жаңа Жанбайдың Арай көшесіне жол салуды сұрады. Бұл жөнінде аудан әкімі Полымбет Хасанов алдағы уақытта Арай, Мұнайшы көшелерінің және Ынтымақ көшесінен вокзалға дейін жаяу жүргіншілер жолының құрылыстарын жүргізуді жоспарға алатынын жеткізді.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT