Жанашыр жастарға қолдау керек

 

Әр дәуірдің өз еріктісі бар. Бірі – елі үшін атойлап шапқан, енді бірі – жүрекпен жақсылық жасап, қайырыммен қанаттандырған. Қазіргі қоғамның да мұқтажы дәл осындай жанашыр жандар. Жас буыннан сондай үміт отын көріп, мейірім мен адамгершілікті ту еткен жастардың қатары артып келеді. Бұл – уақыттың емес, тәрбиенің жемісі. Ауданда да елге шын жанашыр, қолынан келгенше көмек беруге асық жас еріктілердің жаңа толқыны қалыптасып келеді. Солардың басын біріктіріп, бағыт-бағдар беріп отырған – 2024 жылы құрылған «Ecovolunteer» еріктілер клубы.

Аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған бұл ұйымның тізгінін бүгінде Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі Жастар ресурстық орталығы маманы Арсен Смайлов ұстап отыр. Жас болса да, бойында көшбасшылық қасиеті бар маман жастарды ортақ іске жұмылдырып, ізгіліктің жолында бірлікті қалыптастыруға күш салуда.

 

 

– Қарияларға көмек көрсету – әрбіріміздің азаматтық әрі адамгершілік парызымыз. Өкінішке қарай, көп қариялар көмек сұрауға ұялады. Егер біз өзіміз барып қолдау көрсетпесек, бұл – қоғам үшін сын. Еріктілер мұны жақсы түсінеді және шын ниетімен атсалысады. Бірақ, жастардың белсенділігі мен бастамасын қолдауға келгенде қолпаштап, демеу білдіретіндер аз. Егер аудан кәсіпкерлері сәл де болса жанашырлық танытып, қаржылай не заттай көмек көрсетсе, бұл игі істің аясы әлдеқайда кеңейер еді,-дейді клуб жетекшісі Арсен Смайлов.

 

 

Атқарылған әр іс еленбей қалмайды. Аудан жастарының қайырымдылық бағытындағы белсенділігі облыс деңгейінде ғана емес, республика көлемінде де бағаланып отыр. Соның жарқын мысалы – «Ecovolunteer» клубының жетекшісі Арсен Смайловқа берілген үлкен мүмкіндік. Ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен 11–15 тамыз аралығында Өзбекстан Республикасы, Қашқадария облысы, Шахрисабз қаласында өтетін «Жастар – болашақтың іргетасы» атты IV Халықаралық слетке қатысу үшін арнайы жолдама алды. Бұл  халықаралық тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды игеруге, әрі туған өлкеде еріктілік жұмысын жаңа деңгейге көтеруге жол ашатын үлкен баспалдақ. Жастардың осындай еңбегінің бағалануы – баршаға үлгі.

Айта кетейік, 5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күніне орай ұйымдастырылған «Волонтер премиясы – 2024» марапаттау кешінде Арсен Смайлов «Birgemiz: Qamqor» номинациясы бойынша үздік деп танылып, облыстағы волонтерлік қозғалысқа қосқан елеулі үлесі үшін марапатталды. Игі істің жалғасуы – жанашырлық пен қолдауға тікелей байланысты. Көңілінде қайырымдылық, бойында жастық жігері бар еріктілерге қоғамның жанашыр көзқарасы ауадай қажет. Осындай қолдау қалыптасқан жағдайда, ауданымызда еріктілік мәдениеті жаңа белеске көтерілуі әбден мүмкін.Өйткені еріктілік – тек көмек көрсету ғана емес, өзіңді тану, жүректен жүрекке жол табу, адамға деген сенімді арттыру. Кімде-кім өзгеге шынайы қолдау көрсете алса – нағыз адам сол. 

 

 

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT