Жанбайлықтардың талап-тілегі тыңдалды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевтың ауданға іс-сапары Жанбай ауылында жалғасын тапты.

Онда халық қалаулысы ауылдық мәдениет үйіне жиналған жергілікті тұрғындармен кездесіп, талап-тілектеріне құлақ асты.

Емен-жарқын өткен жүздесу барысында халық қалаулысы алдымен Парламент қабырғасында атқарған жұмыстары, көтерген мәселелері, жолдаған сауалдары туралы хабардар етті.

1

Жиында жанбайлық Зинел Лұқпанов ауылда дәрігер мамандардың тапшылығын және олардың ауылдық жерде тұрақтамайтындығын жеткізді.

Бұл мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімі Полымбет Хасанов:

- Аудандық емхананың бас дәрігеріне Жанбай дәрігерлік амбулаториясында бос тұрған вакансияларға барынша тездетіп жұмысқа мамандарды қабылдауын тапсырдым. Бізде аудан бойынша 3 ауылдық округтің дәрігерлік амбулаториясына автокөлік қажет. Соның біреуі осы Жанбай ауылы. Біз өз тарапымыздан денсаулық сақтау басқармасына сұраныс жіберіп қойдық. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай қарастырады деген сенімдеміз, - деді және биыл Х.Ерғалиев, Тұщықұдық және Зинеден ауылдық округтеріндегі дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспары тұрғанын айтты.

222

Тұрғындар тарапынан көтеріліген бірқатар мәселелер бойынша аудан әкімі Полымбет Хасанов жауап берді. Өз кезегінде мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев кездесу барысында жұртшылық тарапынан көтерілген бірқатар проблемалар заң шығару қызметі барысында қаралып, зерделенетінін мәлімдеді және мүмкіндігіне қарай шешуге жұмыстанатындығын атап өтті.

3

Жиында тұрғындар Жанбай ауылына жақын орналасқан мұнай компаниясы – «Потенциал Ойл» ЖШС-не жұмысқа тұруда қиындықтардың барын жеткізді. Бұл мәселе қатысты аудан басшысы пікір білдіріп, бұл мәселе өзінің бақылауында болатынын айтып өтті.

- Округ әкімінің өткен жолғы есеп беру жиынына мен «Потенциал Ойл» ЖШС-нің басшысын арнайы шақырттым. Айтуынша, қазіргі таңда мекемеде барлығы 118 қызметкер жұмыс жасауда және оның 35-і жергілікті азаматтар. Оның ішінде 17-і осы Жанбай ауылының азаматтары. Егер мекемеде қандай да болмасын жұмыс орны босаса, бірінші кезекте жергілікті азаматтарды жұмысқа алу ұсынысымды жеткіздім, - деді.

Басқосуда бұдан бөлек, «Атырау-Астрахан» тас жолының жөндеу жұмыстары, «Нарын» каналын күрделі жөндеуден өткізу, құрғақшылық мәселесі, әлеуметтік мәселелер де сөз болды.

Жиын соңында Нұрлыбек Ожаев:

- Көтерілген барлық мәселер бойынша іс-сапарым аяқталғасын облыс әкіміне кіріп, ол кісінің де қаперіне беремін. Сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министріне де жеткіземін және жеткізіп қана қоймай, шығу жолдарын қарастыратын боламын, - деді.

Еске сала кетейік, бұған дейін халық қалаулысының қоғамдық қабылдау өткізгенін және аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелерімен, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездескенін хабарлаған болатынбыз.

Жоспарға сай, депутат енді ауданға қарасты шаруа қожалықтың өкілдерімен кездесіп, көкейкесті мәселелеріне құлақ түретін болады.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521