Жанбай ауылында әжелер арасында аудандық байқау өтті

сурет автордікі

 

17 наурыз - Шаңырақ күніне орай Жанбай ауылында ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен және де аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен әр шаңырақтың, әулеттің ұйытқысы саналатын әжелердің қатысымен «Асыл – әжем» атты аудандық байқауы өтті.

 

Сайысқа қатысушылар ұлттық салт-жоралғыларды көрсетіп, олардың мән-мағынасы жайлы әңгімеледі. Әжелердің өнерін тамашалауға жиналған көрермендердің қарасы көп болды. Мектеп оқушыларынан бастап қарт кісілер де келді. Бұл ұлттық өнерге деген сұраныс пен құрметтің көрінісі. Ал өскелең жас ұрпақтың ақ жаулықты әжеден үйренері көп-ақ, әрі осындай іс-шара арқылы ой-танымын кеңейтіп, ұмыт қалған салт-дәстүрлер жаңғыра түспек.

Сайысқа 7 ауылдық округ бойынша өнегелі ісімен көпке үлгі, бүтін бір әулетті ұйытып отырған ардақты әжелер қатысты. Олар - аққыстаулық Малика Ғалымова, қамысқалалық Бағила Ибраймова, тұщықұдықтық Лиза Қозыбаева, нарындық Зарипа Уткелбаева, исатайлық Зауреш Ізғалиева, зинедендік Роза Мырзалиева және жанбайлық Зиға Төлеушова.

Аталмыш байқауда қатысушылар өзін таныстыру, ұршық иіру және салт-дәстүрге байланысты сұрақ-жауап, сондай-ақ, өнер көрсету бо-йынша сынға түсіп, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Күләш Түсекенова, ардагер ұстаз Батима Сәрсенғалиева, көп балалы ана Өмина Таупихова, ісмер ардагер ана Бақтылы Сапиевалар қазылық жасады.

 

 

Іс-шарадағы алғы сөзінде аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан жүрекжарды лебізін білдіріп, мерекенің мән-мағынасын тілге тиек етті.

Көрермендер де әр ауылдың намысын қорғаған ақ жаулықты әжелерге ерекше ықылас білдіріп, қошемет көрсетіп отырды. Рухани мәйек сынды тағылымды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқандардың да пікірін білдік.

 

 

-Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты, қыз-келіндерімізді мәдениетке, әдепке, салт-дәстүрді дәріптеуге баулу. Ақ жаулықты әжелеріміздің өмірі ұлттың салт-дәстүріне тамызық болар тәлімге толы,-дейді Жанбай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрбол Қалидолла.

Сайыс қорытындысымен ұлттық құндылығымызды жоғары дәрежеде көрсеткен қамысқалалық Б.Ибраймова 3-орын иеленсе, аққыстаулық М.Ғалымова 2-орын еншіледі. Ал жүлделі 1-орынға жоғары ұпай жинаған жанбайлық  З.Төлеушова лайық деп танылды. Басқа қатысушыларға Алғыс хаттар пен сыйлықтар табыс-талды.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT