Жанбай шекарасында - жас патриоттар сапары

суреттер автордікі

 

Ел тыныштығы мен шекара қауіпсіздігін күзету – қай дәуірде де қасиетті міндет саналған. Бүгінгі бейбіт күннің батырлары – шекарашылардың өмірімен танысу үшін  аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған танымдық сапар барысында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары Жанбай шекара бөлімшесіне арнайы барып қайтты. Әрі 18 тамыз – Қазақстан Республикасы Шекара әскерінің құрылған күні. Осы мақсатта ұйымдастырылған сапар барысында жастар Қазақстан Республикасының шекара қызметінің құрылымымен, ондағы шекарашылардың күнделікті қызметтерімен және де әскери тәртіп, талаптарымен танысты.

 


ТАНЫМДЫҚ САПАР – ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ

Жастарды бөлімше басшысының орынбасары, лейтенант Бауыржан Құралсын жылы жүзбен қарсы алып, бөлімшенің қызметтік бағыттары туралы кеңінен баяндап берді. Алдымен жастарға шекара аумағы, бақылау бекеттері мен жаттығу алаңдары таныстырылды. Сонымен қатар арнайы қызметтік иттердің тәлімгерлік орталығына да бару мүмкіндігі туды. Бұл жерде шекара қауіпсіздігіне үлес қосатын үйретілген иттер мен олардың  жаттығу алаңдарын көрсетті. Сонымен қатар аталмыш бөлімшедегі қару-жарақты, арнайы жабдықтар мен көліктерді таныстырып, сонымен қатар қару түрлерінің қолданылу ерекшеліктері мен қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – жастарға шекара қызметінің жауапкершілігі мен маңыздылығын көрсету, Отан алдындағы әскери борыш жайлы тереңірек түсінік беру және патриоттық тәрбиені нығайту еді.

 

 

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – ТЕК БОРЫШ ЕМЕС, ӨМІРЛІК МҮМКІНДІК

Сапар барысында жастар шекарашы сарбаздардың күнделікті өміріне үңіліп, казарма ішіндегі жағдаймен таныс болды. Лейтенант Бауыржан Құралсын жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, әскери өмірдің тәртібі мен талаптары туралы ашық әңгімеледі. Сонымен қатар жастарға әскери қызметтің ерекшеліктері мен беретін мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтып берді.

–Бұл қызметтің ерекшеліктері көп. Солардың бастыларын атасам, олар – тұрақты жұмыс, ай сайынғы жалақы, сыйақы, ай сайын пәтер жалдау, зейнеткерлікке шыққанда пәтер алу мүмкіндігі, толықтай мемлекеттік қамтылу, жыл сайын ақысыз дәрігерлік тексеру және шипажайлық көмек, жыл сайын негізгі демалыста болу, далалық және арнайы киім-кешекпен және қажетті заттармен қамтылу, балаларына тұрғылықты жері бойынша мектеп және мектепке дейінгі мекемелерден кезектен тыс орын алу. Сонымен бірге сарбаздар мен сержанттарға, келісім шарт бойынша қызметтегілерге еліміздегі әскери жоғары оқу орындарының оқу ақысын 50 пайызға дейін жеңілдетеді,-деген ол бүгінде шекара қызметінде еңбек ететіндерге мемлекет тарапынан кең көлемде қолдау бар екендігін жасырмады. Қазіргі таңда Жанбай шекара бөлімшесінде 22 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Олардың басым бөлігі – өзіміздің Атырау өңірінен шыққан азаматтар. Сонымен қатар Орал мен Өскемен қалаларынан келген жастар да бар. Бұл – елдің түкпір-түкпірінен жиналған ұландардың ортақ мақсатта, бір тудың астында қызмет етіп жатқандығының айғағы.

 

 

ЖАСТАР ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІН КӨЗБЕН КӨРІП,  КӨҢІЛГЕ ТҮЙДІ
 
Жастар үшін бұл сапар үлкен әсер қалдырды. Олар әскери тәртіп пен шекаралық қызметтің қаншалықты маңызды екенін өз көздерімен көріп, Отан алдындағы борыштың салмағын сезіне түсті.

- Мұндай сапарлар – біз үшін үлкен мотивация. Әскер – тек қызмет емес, бұл – тәрбие мектебі. Шекарашылардың ерлікке толы қызметіне куә болдық. Бұл болашақта өз өмір жолымызды таңдауда үлкен әсер етеді деп ойлаймын, – дейді жасақ мүшесі Расул Самиғолла.

Жастар ресурстық орталығының өкілдері мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады. Себебі елдің ертеңі саналатын жастардың бойында патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.

-Жастарымызға бұл сапар өте қызықты өтті. Шекарашылар өздерінің қызметтік тәжірибелерімен бөлісіп, әскери мамандықтың жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталып өтті. Бұл әрине оқушыларымыздың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға септігін тигізіп, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Көптеген оқушылар әскери салаға қызығушылық танытты,-дейді Жастар орталығының басшысы Нұрдәулет Ателов.

 

 

Расында, мұндай іс-шаралар жастардың бойында азаматтық жауапкершілік, патриоттық сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Сонымен бірге бұл  жас ұрпақтың ел болашағына бейжай қарамауына, ел қорғау ісіне өз үлесін қосуға ынталандырады.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT