Жанбай түлектерінің сыйы – денешынықтыру алаңы

Суреттер автордікі

 

Жанбай ауылының төрінде елді елең еткізген ерекше жаңалық – жаңа денешынықтыру спорт алаңы ашылды. Бұл – жай ғана құрылыс нысаны емес, бұл – туған жерге деген сағыныш пен құрметтің, ұйымшылдық пен жанашырлықтың нақты жемісі. Алаңды тарту еткен – Х.Наубетов атындағы орта мектептің 2005 жылғы түлектері, яғни 1987 жылы дүниеге келген ауыл азаматтары.

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту қажеттігін бірнеше Жолдауында атап өткені белгілі. Сол парызды Жанбай ауылдық округі лайықты орындап отыр. Бірақ бұл жолғы игілік тек мемлекеттік бағдарлама аясында емес, туған жерге деген түлектердің шынайы сүйіспеншілігімен жүзеге асты.

 

 

Аудан әкімінің қатысуымен өткен салтанатты шарада жылы лебіздер мен шынайы ризашылыққа толы сөздер айтылды. Аудан әкімі Нұрым Мусин өзінің құттықтау сөзінде түлектердің елге жасаған тартуын үлкен азаматтыққа балап:

– Уақыт өте келе әр адам туған жерге, алтын ұя мектебіне қайта оралып, сағынышын осындай нақты іспен жеткізеді. Бүгінгі алаң – соның дәлелі. “Бірлік болмай, тірлік болмайды” деген – осы. Жанбайлық түлектердің ұйымшылдығы көпке үлгі, - деп атап өтті.

 

 

Спорт алаңының ерекшелігіне тоқталған түлектердің бірі, осы жобаның бастамашыларының бірі Кемел Жанесенов нысанның техникалық сипаттамасын нақтылап өтті.

– Бұл денешынықтыру алаңы 324 шаршы метрді құрайды. Ішінде жаттығу құрылғылары бар. Сыртқы қоршау мен жарық шамдар орнатылып, демалуға арналған орындықтар қойылды. Ең бастысы – қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары да орнатылды. Барлығы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуі үшін және бұқаралық спортты дамыту үшін жасалды, - дейді ол.

 

 

Алаңның ашылу салтанатында ардақты ана, денсаулық сақтау саласында 42 жыл еңбек еткен еңбек ардагері Жұпар Саламатова да сөз сөйлеп, жасөспірімдерді алаңды көздің қарашығындай сақтап, пайдасына жаратуға шақырды.

– Бұл – балалар үшін қуаныш, ата-ана үшін үміт, ауыл үшін үлкен игілік. Мұндай дүниенің қадірін білу – сол елдің азаматтығының көрінісі, - деді ардагер ана.

 

 

Қонақтар спорт алаңын аралап, балғын балалармен емен-жарқын жүздесіп, бір-біріне жылы тілектерін арнап тарқасты.

 

 

Жанбайда бой көтерген 324 шаршы метрлік спорт алаңы – қарапайым ғана құрылыс емес, жүректен шыққан шынайы тарту.

 

 

Бұл – туған жерге тағзым, өткенге құрмет, келер ұрпаққа үлгі. Кешегі түлек – бүгінгі ел жанашыры.

 

 

Осындайда «Туған жерге туың тік!» деген сөздің салмағы бұрынғыдан да биіктей түседі.

 

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT