Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына биыл 36 жыл толды. Осы атаулы датаға орай, Жанбай ауылдық округінің қолдауымен және ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен мекемелер арасында волейболдан турнир өтті.
Спорттық бәсекеге Жанбай ауылдық округі әкімшілігі, ауылдық мәдениет үйі, Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Х.Наубетов атындағы орта мектеп, Жанбай балалар саз мектебі, ауыл кәсіпкерлері, Жанбай шекара заставасы және «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының командалары қатысты. Әр команда жеңіс жолында тартысты ойын өрнегін көрсетіп, өз шеберліктерін ортаға салды.
Іс-шараға арнайы шақырылған ауған соғысының ардагерлеріне ауылдық округ әкімі Ерлан Махсотов құрмет көрсетіп, құттықтау хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Бұл құрмет – ардагерлердің ерлігін ұмытпай, жастарға патриоттық тәрбие берудегі маңызды қадамның бірі болды.
Жарыс нәтижесі бойынша, Х.Наубетов атындағы мектеп командасы үздік үштіктен көрінсе, Жанбай шекара заставасының командасы жүлделі екінші орынды иеленді. Ал ойын барысында ерекше көзге түсіп, шеберлігімен көпшіліктің ықыласына бөленген Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі турнир жеңімпазы атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Турнир соңында округ әкімі Ерлан Махсотов барлық қатысушыларға Алғыс хат табыстап, белсенділік танытқан жастарға ризашылығын білдірді. Бұл турнир – спортты дамыту ғана емес, сондай-ақ ерлік пен елдікке тағзым етудің, ұрпақ сабақтастығын жалғаудың жарқын үлгісі болды.
Сағыныш ҚАЙЫР