Жанбайда ойын алаңы ашылды

Жұма күні Жанбай ауыл-ында өткен Ауыл күні мәдени жобасы «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» шеңберінде баларға арналған ойын алаңының ашылуымен басталды.

Алаң жаз мезгілінде балалар роликтермен сырғанайтын орын, қыста мұз айдыны бола алады. Жаңа ойын алаңы күннен қуат алатын генератормен жарықтанған. Нысанның лентасын шара қонақтары, аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан мен ауданының Құрметті азаматы, ауыл ардагері Ануарбек Зайдуллин қиды. Одан соң ауыл орталығындағы көше көрнекіліктері ашылды. Бұнда ауылға кіреберіс көше бойына қаз-қатар ілінген елге танымал, сондай-ақ, осы топырақтан тараған тұлғалардың, ауылдың дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтардың суреттері ілу жоспарланған.

- Ауылымыздан түлеп ұшып, аты Алашқа танылған азамат-азаматшаларымыз баршылық. Солардың атын ардақтап, кейінге үлгі қылу - мұратымыз, - дейді суреттермен таныстырған ауылдық округ маманы, ақын А.Есекеш. Бұнда тек өмірден өткен немесе аға буын өкілдерінің ғана емес, сонымен қатар, қазірдің өзінде ауылдың жан-жақты өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген жастардың да шет қалмайтындықтарын айтады ол. Одан әрі шара салтанатты жиынға жалғасты. Онда алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан тұрғындарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен тұспа-түс келген Ауыл күні мерекесімен құттықтап, көпке жылы лебізін арнады.

Өз кезегінде мінберге көтерілген ауыл әкімі ауданның 90 жылдығы аясында ұйымдастырлып жатқан шараның мәніне тоқталып, ауылдың қысқаша тарихын шолып өтті. Еселі еңбегімен кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық бір топ ардагер мен Жанбай ауылының өркендеуі жолында еселі еңбек етіп жүрген азаматтарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Балпанов қазақтың қарашаңырағы – ауылдың болашағын жарқын ету жайында Елбасы артқан міндеттерді жүйелі орындау жайын сөз етіп, сонау қиын кезеңдерде Жанбайдың іргетасын қалап, тер төккен аға ұрпақ өкілдерінің аттарын атап өтті.

– Аулымызда жетістіктер көп, өмірден өтіп кеткен әке-шешелеріміздің, ата-әжелеріміздің түсіне де енбеген көгілдір отын жағып отырмыз. Ауыз су үйге кіріп тұр. Ауыл көшесі сап түзеген сәнді үйлерімен көз тартады. Жаңа мәдениет үйі мен емханамыз бар. Бұның бәрі – азаттығымыздың айғағы, Тәуелсіздігіміздің жемісі, - дейді ардагер. – Бүгінгі игілікті істердің жетістіктердің бәрі бұрынғылардың табан ақы маңдай терімен келгендігін де түсіне білу қажет деп есептейміз. Ал, ұрпақтардың міндеті – ата дәстүрін кейінгіге жалғастыру, Тәуелсіздігімізді сақтай отырып, ертеңгі болашақтың жарқын болуына үлес қосу – бүгінгі ұрпақтың міндеті, - деген ауыл үлкені жастарды жалқаулыққа бой алдырмай, заман талабына сай қабілетті азамат болып жетілуге шақырды. Шара ауыл өнерпаздарының «Ауылым – алтын бесігім» атты мерекелік концертіне ұласты.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521