Жанбайда жаңадан полиция бөлімшесі ашылды

Бүгін Жанбай ауылдық округінің орталығында  полиция бөлімшесі ашылды.

Бөлімшенің ашылу салтанатына Атырау облысы Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев арнайы келіп қатысты.
 Ашылу салтанатында сөз алған Нұрхат Оразбаев: - Облыс әкімі С Шапкеновтің тікелей қолдауымен облыстық полиция департаментінің техникалық базасын нығайту үшін көптеген  жұмыстар қолға алынуда. Сол себепті біздің қызметкерлер заман талабына сай техникалық құралдармен әрі қызметтік көліктермен қамтамасыз етілуде. Биылғы жылы облыстық полиция департаментінің Қызылқоға ауданына дәл осындай нысан салынып,қолданысқа берілген болатын. Енді міне бүгін, Жанбай полиция бөлімшесі іске қосылып отыр Ендеше, осы сәтті пайдалана отырып, полиция қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі мен аудан әкіміне алғыс білдіремін,- деген ол облыс көлемінде халық санына қарай тағы да біраз полиция бөлімшелерін ашуға жұмыстанып жатқанын да мәлімдеді.
Сондай-ақ аудан әкімі Полымбет Хасанов  жиылған жұртшылыққа шынайы тілегін жеткізді.
-Қайырлы күн, құрметті жиынға қатысушы жерлестер, қадірменді полиция қызметкерлері!Алдымен алдағы келе жатқан Конститутция мерекесімен құттықтаймын. Осы мереке қарсаңында ауданымызда алғашқы рет полиция бөлімшесінің құрылысы салынып, пайдалануға бергелі тұр. Жаңа полиция бөлімшесі, сондай-ақ Нарын, Исатай, Забурын ауылдық округтерінің де тұрғындарына қызмет ететінін, сол арқылы құқық қорғау бағытында жедел және тиімді қызмет ету, тұрғындардың арыз-шағымдарына дер кезінде ден қою көзделіп отырғанын жеткізді.
Атап айта кетейік, бұл нысан құрылысын бастап, аяқтаған «Альян Би Коммерц» құрылыс мекемесі еді.
Полиция бөлімшесіне  4 жаңа «НИВА» қызметтік автокөлігі кілті мен 1 қызметтік пәтер табысталды.  Қазіргі уақытта бөлімше бастығы болып полиция капитаны, бұған дейін  аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жеке уәкілі қызметін атқарған Нұрбол Бисенғалиев тағайындалды. Полиция бөлімшесінде берілген штат бірлігіне сай 13 полиция қызметкері кезекші, жедел уәкіл, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі, жол-патрульдік, учаскелік полиция инспекторлары жұмыс жасайды. Бірақ, әзірге штат бойынша 12 қызметкер жұмысын істейді.
Салтанатты түрде керме қию құрметіне облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев пен Ішкі істер министрінің құрметті ардагері, ауданымыздың Құрметті азаматы Күмісбай Әбілхасанов ие болды. Жергілікті тұрғындар қандай да бір қиындыққа немесе кедергіге тап болғанда, тез арада полициядан араша сұрап, арқа сүйейді. Бұдан  халықтың таудай сенімін арқалап, қорған болып жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан екенін байқау қиын емес. 

 

                                                                                                                     Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT