Жанбай ауылында ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту және дене шынықтыру кешені құрылысы жұмыстарына мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланды.
Бұл жайлы Исатай аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Арайлым Кабдрахимова мәлімдеді.
- Үстіміздегі жылы «Ауыл - Ел бесігі» жобасына тіректі елді мекен - Жанбай ауылы іріктеліп, аталған ауылға газ желісін жүргізу, ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту және дене шынықтыру сауықтыру кешені құрылысы жобаларын іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 1 066,8 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл бастамалар нәтижесінде Жанбай ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдары дамып, өңірде тұрғындардың жайлы өмір сүру ортасы қалыптастырылатын болады, - делінген қаржы бөлімі бас маманының редакциямызға жолдаған хабарламасында.
Онда Жанбай ауылында газ желісін жүргізу жұмыстарына конкурс нәтижесі бойынша мердігер мекеме- «Болат-Д» ЖШС жеңімпаз деп танылып, келісімшарттың жасақталғандығы жайлы айтылған.
- «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жанбай ауылында жоспарланып отырған жұмыстар аз емес. Соның ішінде 9/6 көшені асфальттау үшін тендер жарияланып, жеңімпаз мекеме анықталуда. Осы жоба аясында ауыл көшелеріне толықтай тас жол төселеді. Жаңадан берілетін жерлерге газ желісін апару жұмыстары да жүзеге аспақ. Бұл - тұрғындардың сұранысына сай тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер мәселесінің де шешімі табылады деген сөз. Су желісін жүргізу жұмысы аяқтала келді, - дейді Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов.
«Ауылдан спорт кешені ғимаратының бой көтеретіндігі - жастар үшін жағымды жаңалық. Ауданда спорттың қай түрінен болмасын алдыңғы қатардан түспейтін жанбайлық жастардың қазіргі спортпен шұғылданатын орны ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесі» дейді әкім. «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының күрес, каратэ үйірмелерінің шәкірттері ауылдағы мәдениет үйінде жаттығады. Жоспардағы жаңа ғимарат спортшыларымызға да жаңа серпін берері сөзсіз. Спорт кешені құрылысын биыл аяқтау жоспарда бар» деді онлайн арқылы сұрақтарымызға жауап берген Дидар Есмұханов.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ