Қыстың көзі қырауда жарықтың жиі сөнуі Исатай ауданы тұрғындарына оңай соқпай тұр.
Басқасы басқа, жылуыңның өзі электр энергиясына тәуелді болған заманда бұл жеңіл қарайтын мәселе емес. Жанбай ауылы халқының да басты проблемасы осы қазір.
Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов тұрғындар алдында берген онлайн есебінде аталған мәселеге тоқталып өтті.
- Бәріңізге белгілі, соңғы ай ішінде жарықтың жиі өшуі көптеген қолайсыздықтар тудырды. Себеп - ауа райының дымқыл болуынан Аққыстау ауылынан келетін электр желісі бағаналарының жиі өртенуі. Жаңадан жүргізіліп жатқан электр желісіне қосылу ұзаққа созылды. Себебі, Жанбай ауылынан Жаңаталап кен орнына дейінгі электр желісі ұрланды. Сол себепті бұл жұмыстар кешеуілдеп болса да кешеден бастап жаңа желіге ауыстырылуда. Жарық сөнген уақыттан бастап күні-түні сол жерде жұмыс жасап жатқан «Атырау-Жарық» мекемесінің жігіттеріне рақметімізді айтамыз, - дейді ауыл әкімі.
Айта кетейік, Жанбай ауылдық округі бойынша Т.Нысанов көшесіне - 17 дана, Х.Нәубетов көшесіне – 10 дана, М.Нұрмұханов көшесіне – 11 дана, Е.Қазақстан көшесіне - 11 дана, Т.Исатай көшесіне – 8 дана, жалпы саны 6 көшеге 56 дана көше жарығы қондырылды. Жанбайда жасалып жатқан жұмыс көп. Ауыл көшелеріне толығымен дерлік тас жол төселуде. Спорт кешенінің құрылысы басталды, тағы сол сияқты айтуға тұрарлық жаңалықтар бар. Мәселе де жоқ емес, әрине. Солардың бірі – ауылдық саз мектебіне жаңа ғимарат керек. Кезінде «Потенциал Ойл» ЖШС сатып алып берген тұрғын үй - бүгінде талапқа сәйкес келмейтін әрі тозығы жетіп тұрған ғимарат. Онда үш сыныпта 130 оқушы білім алып жатыр. Жұмыссыздықты азайту да басты мәселе. Жаңадан салынып, тұрып қалған электр желісін және осы арқылы мал сою алаңын іске қосу да ауыл басшылығы ойға алып отырған жұмыстардың бірі.
Өндірісті өңірдегі экологиялық ахуалды да айтпай кетуге болмайды. Ауылдық округ көлемінде орналасқан мұнай мекемелерінен газ иісі келуі байқалады. Бұл - аумақтағы Жаңаталап, «Потенциал Ойл» ЖШС мұнай кен орындарымен нәтижелі жұмыс жасалуы тиіс деген сөз.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ