Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялап, алдағы үш жылда Қазақстанды «жаппай цифрлық елге айналдыру» міндетін алға қойды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамның мінез-құлқына, жастардың болмысына тікелей әсер етіп отыр. «Бұған дайын болмай, батыл әрекет етпесек, артта қалудың салдары өте ауыр болады»деді Мемлекет басшысы.
Осы ойдың дәлелі секілді, Жанбай ауылында жасанды интеллектті меңгеруге арналған тың тренинг өтті. Бұл шара – «B-elsendi» қоғамдық қоры ұйымдастырып, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Talaptan» жобасының алғашқы қадамы. Жоба аясында төрт бағытта – жасанды интеллект, цифрлық сауаттылық, құқықтық сауаттылық бойынша арнайы тренингтер ауыл-аймақтарды аралап өткізілмек.
Алғашқы лекцияны халықаралық IT саласының маманы Алиби Каирлиев жүргізді. Жанбайдың жастары мен ұстаздары қатысқан бұл кездесуде тың тақырыптың түйіні тарқатылды.
– Жеті жылға жуық уақыт бойы IT саласында еңбек етіп келемін. Өзімнің күнделікті жұмысымның елу пайызын жасанды интеллект құралдары арқылы атқарамын. Мысалы, код жазу, бағдарлама құру, тіпті жобалау процесінде де қолданамын. Бүгінгі тренингте қатысушыларға жасанды интеллекттің алғашқы негіздерін түсіндірдім. Claude AI арқылы тест әзірлеу, веб-сайт жасау, Figma арқылы дизайн құру, түрлі презентациялар мен шақыру әзірлеу, сондай-ақ Veo платформасында бейнероликтер дайындау тәжірибесін көрсеттік,-дейді спикер.
Қатысушылардың қызығушылығы ерекше болды. Жасанды интеллектті бұрын тек естіген ауыл жастары енді оны өз қолымен қолданып көрді. Бұл ауылдағы білім мен тәжірибені жаңа деңгейге шығаратын нақты мүмкіндік екені сөзсіз.
«B-elsendi» қоғамдық қорының төрағасы Дулат Шымановтың айтуынша, мұндай шараларды ауыл-аймақтарды аралап жүріп өткізуді мақсат еткен.
– Біз жастарды заман талабына сай жаңа бағыттарға баулуды көздеп отырмыз. «Talaptan» жобасы да осы мақсаттан туындады. Ең алдымен ауыл жастарына жасанды интеллектті үйретуді жөн көрдік. Өйткені болашақта бұл саланы меңгермеген адам еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алмайды,-дейді ол.
Жанбайдан басталған бұл бастама ауыл жастарының білімге деген ынтасын арттырып қана қоймай, Мемлекет басшысының елді цифрландыру жөніндегі стратегиялық бағытымен де үндесіп отыр.
Иә, Президент айтқан «жаппай цифрлық елге айналудың» алғашқы қадамдары қазірдің өзінде ауылдан бастау алды. Бұл – үлкен өзгерістердің шағын елді мекеннен басталатынының айғағы.
Қатысушылар тренингтен тың ақпарат алып қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолданып көрді. Жаңа білімге қаныққан ауыл жастары мен ұстаздарына арнайы сертификаттар табысталды. Олардың еңбегін мойындап қана қоймай, алдағы уақытта цифрлық құралдарды еркін меңгеруге ынталандыратын маңызды қадам.
Осылайша, Жанбайда өткен алғашқы тренинг жасанды интеллектке деген қызығушылықты арттырып, ауыл жастарына жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты.
Жайна ИСЛАТ