Жанбай ауылында да биыл қолға алынған жұмыстар көп.
Ауылішілік 9,5 шақырым жолды қайта құрылымдау жұмыстары аяқталуда. Ауылда жаңа дене шынықтыру кешені салынуда. Қосымша газ желісі құрылысы да жүріп жатыр.
Оған қосымша былтырдан бері ауыл азаматтары бірлесе қолға алған ауылдық мешіт құрылысы да аяқталып келеді. Бұйырса, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылады деп жоспарлануда. Аталған нысандардың барлығын да аралап көрген облыс әкімі атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Енді бір шешімін табуы тиіс мәселенің бірі - Жанбай ауылдық полиция бөлімшесі ғимаратын салу. 2017 жылы жергілікті тұрғындар мен күштік құрылымдар арасында болған жанжалдан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің араласуымен ашылған шағын бөлімшенің ғимараты талапқа сай емес. Қару-жарақ сақтау орны, көлік қою тұрағы, басқа да құпиялылықты сақтау шаралары талапқа сай болмағандықтан, жаңа ғимарат салу мәселесі - заман талабы. Жобалау сметалық құжаттама да дайын. Қаржы мәселесі шешілсе, жаңа ғимарат салу жұмыстарын қолға алуға болады.
- Исатай ауданына жасаған жұмыс сапарымыз барысында әріптестерімізбен, алдымен, ауылшаруашылық мәселелеріне көңіл бөлдік. Аудан орталығын абаттандыру жұмыстарын көрдік. Жалпы, аудан бойынша жаңа әлеуметтік нысандар ашылуда, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды әлі жалғастыру керек. Осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады. Мемлекеттік бағдарламалар жергілікті халықтың еңбегіне сұраныс тудыруы керек деп есептеймін, - деді облыс басшысы Исатай ауданына болған ісссапарын қорытындылап.