Әр аптаның бейсенбісіне ұласқан мерекелік сазды бағдарлама бұл жолы –жанбайлық өнерпаздардың еншісінде болды. Исатай ауданының құрылғанына 95 жыл және жарты ғасырлық тарихы бар Аққыстау ауылдық округінің мерейтойына орай әр ауыл аққыстаулық өнер жанкүйерлеріне ән-биден шашу шашса, көрермендер де өнерпаздарды құшақ жайып, құрақ ұшып, ыстық ықыласпен қарсы алуда.
Жанбай – Каспий теңізінің жағалауына жиектей орналасқан үш мыңнан аса тұрғыны бар, «Атырау - Астрахан» тас жолының бойындағы ауылдық округінің орталығы. Әрі шығыс арқасында 5 км жерде өндіріс алаңы - «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өніру басқармасына қарасты «Жаңа талап» кен орны бар екендігін де еске сала кеткіміз келеді.
Кезінде облысқа танымал «Забурын» кеңшары осы жерде төрт түлік мал өсіріп, шаруашылықты дамытқан. Кеңшар тарағаннан кейін, жергілікті тұрғындар «өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, іргедегі теңізден балық аулауға біраз әрекеттенгені де жасырын емес. Бірақ заңдылық тұрғыда рұқсат етілмеді. Соңғы жылдары теңіз жағалауынан көктем мен күзде маусымдық балық аулауға лимит алып, төрт-бес кәсіпкерлік құрылымдар жұмыс жасап отырған іргелі ауыл.
Осындай іргелі ауылдарда, құм Нарын жерінде ат тұяғын дүбірлетіп,талай тектілер қоныс қылған, киелі мекенде небір ақын-жазушылар,жыраулар,батырлар мекен еткені сөзсіз. Кешегі тектілердің ізімен, атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған қасиетпен көпшілікке танымал бүгінгі күні жан сүйсіндірер өнерлі өрендеріміз де баршылық.
«Құт дарып,кие қонған ақ Нарыным» атты Жанбай ауылдық округ өнерпаздар концертінің шымылдығы «Әлқисса» қазақ биімен ашылды.Тыңдарманды жүрек тербетер ән-жырымен баурап алған, көненің көзі, асылдың сынығындай аға-апаларды жастық шағына бір оралтып, Айдар Бекетовтің орындауында сахна төрінде «Маржан қыз» әні шырқалды. «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серендасы» әнін облыстық,республикалық байқаулардың жүлдегері Орынгүл мен Мирас Махмудовтар тебірене орындап, көпшілік таңдай қағысты.
Әрмен қарай Жарқын Закарияқызы «Жібек сезім», Айдар Бекет пен Асемгүл Аманжолқызы халық әні «Көзімнің мөлдірі-ай!», Армангүл Бердиева «Аппағым», Венера Сүндетова «Мереке», Гүлзира Тұяққызы «Гүлмін», Алтын Жұмашева «Аппақ гүлдер», жас әнші Дильназ Махмудова «Кештім сені», Айтөре Ғиниятов «Әп-әдемі», Айдар Шәкәрім «Таспа» секілді әуезді әнімен әрлесе,жас бишілері кештің көркін кіргізді. Концерт барысында жүргізушілер көрермендермен байланыс орнатып, ойын ұйымдастырып, өнер тамашалаушыжандардың көңілін бір серпілтіп тастады. Әдемі кештің соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан: -Бүгін міне, өздеріңіз куә болғандай, Жанбай ауылдық округінің өнерпаздары сіздерге керемет көңілді кеш тарту еткен болса,сол ән мен бидің, күй мен жырдың жалғасы келесі аптаның бейсенбі күні ұсынылады деп сенім білдіреміз,-деп аудан әкімінің атынан жанбайлық өнерпаздарға алғыс хат табыс етті.
Күнделікті күйбең тірліктен бір уақыт арылып, әншілердің әндерін тыңдап, марқайып қалған көрермендердің өнерпаздарға деген алғысы шексіз болды.
Концерт соңында ішкі істер органдарының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Күмісбай Әбілхасанов мұндай сазды кештер ауыл жұртшылығына өте қажет екенін айтып, ауыл тұрғындары атынан өнерпаздарға шын ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.
САҒЫНЫШ ҚАЙЫР