Қазіргі заманда байлықтың өлшемі тек материалмен өлшенбейді. Ең шынайы, ең құнды байлық денсаулық екенін өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Оны күтіп ұстау, шынықтырып, ширата білу – әр адамның өз жауапкершілігі. Бірі емхана мен дәріханадан қол үзбейді, енді бірі спортты серік етеді. Ал сол спорттың ішіндегі ең табиғи әрі қарапайым түрі – жүгіру. Арнайы жабдық та, спорт зал да қажет емес. Бар керегі – жүрек қалауымен шыққан бір қадам, сол қадамды ертеңге қалдырмай жасау. Себебі жүгіру бұл жай ғана дене қозғалысы емес, бұл өз-өзіңді жеңудің, жан мен тән тепе-теңдігін табудың жолы.
Мамандардың айтуынша, жүгіру арқылы адам өзіне тың күш сыйлайды, яғни жүрек пен өкпенің жұмысы жақсарады, артық салмақпен қоштасады, иммунитеті күшейіп, ойы сергиді, көңіл күйі тұрақтанады. Ал егер бұл әдет күнделікті дағдыға айналып, жарысқа ұласса, онда бұл өмірлік ұстаным. Ал осы үнемі жаттығудың, тұрақты еңбектің нәтижесінде адам өзін үлкен сынақтарға да дайындайды. Сол сынақтың бірі әрі ең үлкені – марафон.
Марафон дегеніміз жүздеген шақырымға созылған жәй ғана жүгіріс емес, бұл рухтың қуаты мен ерік-жігердің айнасы. Себебі мұндай сынаққа төтеп беру үшін тек физикалық дайындық жеткіліксіз, ол үшін ішкі тәртіп, мақсаткерлік және үздіксіз еңбек қажет. Көпшілік марафонды тек кәсіби спортшылардың еншісіндегі дүние деп қате пайымдайды. Шын мәнінде, бүгінде қарапайым ауыл тұрғындары да салауатты өмір салтын ұстанып, жүгіруді өмірінің бір бөлшегіне айналдырып отыр. Соның айғағы – Жанбай ауылының тұрғыны Жұлдыз Заманғалиева. Ол марафон жарыстарына қатысып, өз табандылығымен көпшілікке үлгі болып жүрген жан. Жанбайдың қарапайым көшелерінде жүгіріп жүрген Жұлдызды алғаш көргенде көп адам оны жай ғана әуесқой спортшы деп ойлауы мүмкін. Алайда оның әр қадамы үлкен дайындықтың, ішкі тәртіптің, мақсатқа деген адалдықтың жемісі. Кейде бір адамның таңдауы тұтас бір қоғамның ой-санасын өзгертеді. Жанбайлық марафоншының жолы – соның дәлелі. Себебі жүгіруді таңдау – жеңісті таңдау. Жанбай ауылдық округінде спорт кешені мен футбол алаңы болғанымен, арнайы жүгіру жолақтары жоқ. Алайда бұл жағдай Жұлдыз Заманғалиеваның спортқа деген ынта-жігерін ешқашан тоқтата алған емес. Қарапайым ауылда жүріп-ақ ол өз денсаулығы мен өмір салтын мүлде жаңа арнаға бұрып, жүгіруді күнделікті әдетке емес, өмір сүру салтына айналдыра білді. Ал спорт оның шабыт көзі, қуат алатын бастауы болды.Бүгінде 36 жастағы Жұлдыз халықаралық марафондарға қатысып, түрлі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Тек жеке жетістікпен шектелмей, ауыл әйелдеріне арналған «Денсаулық пен сұлулық» клубын құрып, өзгелерге де мотивация сыйлап келеді. Осылайша, біз де оның жігерлі жүрісінің, қайсар болмысының сырына үңіліп, Жұлдыз Қуанышкерейқызымен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Жұлдыз Қуанышкерейқызы, сұхбатымызды дәстүрлі сұрақтан бастайын. Бүгінде Сіз әуесқой болсаңыз да, спорт саласында біраз белестерді бағындырып үлгердіңіз. Айтыңызшы, осы жолға бет бұруыңызға не түрткі болды? Спортқа деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
– Спортқа деген ықыласым мектеп кезінен басталды. 100 және 200 метрге жүгіру – сүйікті бағытым болды. Баскетболда да белсенді болдым. Сол кезде спорт мен үшін тек дене қозғалысы емес, қуаныш, жеңіс, серпін еді. Алайда мектеп бітіріп, тұрмыс құрған соң, бәрі кейінге ысырылып қалды. Ана атанып, үй мен бала-шаға қамына кіріскенде, өзіме көңіл бөлу екінші орынға сырғыды. Біраз жылдардан кейін қайтадан жүгіре бастадым. Бастапқыда тек таза ауа жұтып, өзімді сергіту үшін ғана. Бірақ уақыт өте келе бұл менің тұрақты әдетіме айналды. Ал әдет тәртіпке, тәртіп мақсатқа, ал мақсат үлкен нәтижеге жетеледі. Бүгінде аптасына алты күн жаттығамын. Жүгіріс пен денені созу бағытында тұрақты түрде жаттығу жасаймын. Соңғы 4-5 айда кәсіби жаттықтырушымен бірге жұмыс істеп жүрмін. Ал биыл ақпан айынан бастап ресми түрде Western Run құрамына мүше болған едім. Сол айда Астанада өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, содан кейін кәсіби тренер ретінде де қызмет ете бастадым. Сонымен қатар ауданнан құралған жастардың «Исатай Run» клубының да мүшесі болдым. Бұл топта жүгірісті серік еткен жастардың ортақ бастамасы. Қысқа уақыт ішінде-ақ жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Қазірдің өзінде клуб мүшелері жүлдегер атанып, жеңімпаз болып үлгерді. Бұл біз үшін үлкен үміттің белгісі.
Жалғасы газеттің №28 (4241) санында
Сұхбаттасқан: Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА