Жанбайға Мәжіліс депутаты келді

Осы аптада біздің ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова келді.

Сапардың негізгі мақсаты - депутаттардың өз жұмыстары жөнінде жергілікті жерлерде түсінік беруі және ауыл-елдегі халықтың жай-күйімен танысып, ұсыныс-пікірлерін жинау.

Жанбай ауылында өткізілген жиында мәжілісмен Ә.Сапарова жыл ішінде төрт рет аймақтарға шығатынын және әр шыққан сайын мәжіліс қабырғасында қабылданатын заңдардың жергілікті жерлерде орындалуына байланысты ақпараттар жинайтынын және сол мәліметтер шегінде Парламентте өткізілетін комитет жиындарында талқыға салынатынын атап өтті.

d

- Бірінші кезекте қабылданған заңдардың ішіндегі ең маңыздысы үшжылдық бюджет дер едім, - деді. - Өйткені ол маңызды құжат барлық бағыттарды қамтып, әлеуметтік даму, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салаларына қаралатын қаржыны еселеп көбейтуге жол ашты. Сол арқылы бүгінгі күні аз қамтылған отбасыларға берілетін төлемдер артып, еңбекақы көтеріліп, толық емес және жартылай жетім немесе атаулы әлеуметтік төлем алатын отбасылардың 300 мың теңгеге дейінгі несиелері кешіріліп жатыр. Бұл да болса Мемлекет басшысының өзінің ұлықталу рәсімі кезінде жария еткен он бағытының ел ішінде орындала бастауының айқын көрінісі, - деді. Сонымен бірге қазіргі кезде орталықтан бастау алып, өңірлерде орындала бастаған жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім, зайырлы мемлекет және жоғары руханият, инновациялар негізіндегі тұрақты экономикалық өсім, жалпы еңбек қоғамы, тарих, мәдениет және тіл тұтастығы, ұлттық қауіпсіздік пен жалпы әлемдік және өңірлік мәселелерді шешуге Қазақстанның атсалысуы туралы да мәлімет берген мәртебелі қонақ ауыл тұрғындарының да көкейіндегі мәселелерін тыңдағысы келетінін айтты.

d

d

Бірінші болып жарыссөзге көтерілген аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ринат Есқали бүгінгі күні аудан шеңберінде орындалып жатқан жастар саясатына қатысты баяндама жасап, сөз соңында алдағы уақытта қайтарымсыз түрде беріліп жатқан гранттар тізіміне жастардың да енуін және келесі жылы аталып өтілетін еріктілер жылында ауыл жастарының көптеп тартылуын қалайтынын айтты. Одан кейін сөз алған Жанбай ауылдық округі әкімінің орынбасары Адайбек Есекеш ауыл-елдегі халықтың мұң-мұқтажын айтып, жұмыссыздықты азайту, еңбекақыны көтеру, зейнетке шығу кезінде көпбалалы аналарға жеңілдік беру, әлеметтік төлемдерді арттыру бойынша өз ұсынысын жеткізді.

d

Одан әрі сөз алған ауыл тұрғындары аудан әкіміне және Мәжіліс депутатына сауалдарын қойып, өздерін мазалаған мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өз кезегінде депутат барлық орынды деген мәселелерді өзіне түртіп алғанын, орталыққа барған соң тиісті ведомстволарға сұраныс жіберетінін айтты.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT