ЖАНБАЙЛЫҚТАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Соңғы жылдары Жанбай ауылында бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар бой көтерді. Ауылға кіреберіс жол жөнделіп, жаңадан мәдениет үйі, мешіт, саябақ, дәрігерлік амбулатория салынды. Жеке тұрғын үйлер де көбейді. Ауылішілік жолдардың да құрылысы басталды. Осыдан он жыл бұрынғы Жанбай мен қазіргі Жанбайдың айырмашылығы жер мен көктей. Алайда, шешімін күтіп тұрған шаруалар әлі де бар. Бұл жөнінде тұрғындар аудан әкімімен кездесуде өз ойларын ортаға салды.

 

Өткен жылы Жанбай ауылында кіші аяқ доп алаңы жаңартылды. Ауылдың шетіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар төгу алаңы қоршалды. Бірақ ауылішілік жол құрылысы аяқталған жоқ. Ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдардың ұсақ қиыршықты асфальт қабатын төсеу қалып отыр. Бұл жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Жанбай полиция бөлімшесінің тарлығына байланысты, ішкі істер органдарының қызметіне жағдай жасау мақсатында жаңа ғимараттың құрылысы басталған болатын. Аталған құрылыс биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Алдағы жылы ауылға жазғы су құбырын тарту жұмыстары басталмақ, жоба мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу сатысында. Осы және басқа да атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде аудан әкімі Полымбет Хасанов тұрғындармен кездесуде баяндап берген болатын.

Өткен жылғы кездесулерде тұрғындар ауыл іргесіндегі мұнай өндіріп жатқан «Потенциал Ойл» ЖШС-не жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмайтыны жөнінде шағымданып, аталған мекеменің басшыларын шақыртып, нақты мәліметтер беруді ұсыныс еткен болатын. Осыған орай өндіріс орнынан өкіл келіп, аталған мәселеге орай түсінік берді.

«Потенциал Ойл» ЖШС жеткеші инженері Ораз Кәкімұлы: - Серіктестіктің негізгі қызметі – мұнай-газ өндіру. Қызметкерлеріміздің 97 пайызы қазақстан азаматтары. 2023 жылғы мәлімет бойынша, қызметкерлердің жалпы саны – 120 адамды құрап отыр. Кеңсе қызметінде – 35 адам. Кен орнында – 85 адам жұмыс жасайды. Исатай ауданының тұрғындары кен орнында жұмыс жасайды, 85 адамның 33-і исатайлықтар, оның 14-і Жанбай ауылының тұрғындары. Жалпы жергілікті тұрғындар кен орнындағы қызметкерлердің 38 пайызын құрайды. Кесеміз қалада орналасқан, онда көбі қала тұрғындары. Өткен жылы он адам өз өтініштері бойынша жұмыстан босады. Кен орнынан босағаны – 2 ваканция, соның біреуіне Исатай аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жергілікті тұрғын жұмысқа алынды. Қызметкерлердің жалақысы өндірістік көрсеткіштердің қорытындыларына сай уақытылы беріліп тұрады, ай сайын сыйақы төленеді, жыл сайын әлеуметтік қолдаулар көрсету қарастырылған,-деді және аудан прокуроры Дәурен Медетбековтің «ТШО-ның мамандар даярлау тәжірибесін енгізіп, қажетті мамандарды өздеріңіз неге даярлап алмайсыздыр?» деген сауалына оған көп қаржы кететінін, ТШО мен  «Потенциал Ойл» ЖШС-нің өндіріс көлемі салыстыруға келмейтінін алға тартты.

-«Потенциал Ойл» ЖШС-нің барлық алынатын қоры 2 млн.тонна, оның 1,7 млн.тоннасы алынып болды.  Өндірістің шарықтау шыңы 2005 жылдары өтіп кеткен. Ол кезде біздер күніне 500 тоннаға дейін мұнай өндіретін едік, қазір 230-ға азар жетіп жығылады. Жұмыс қарқыны төмендеген сайын қаржылық тәуекелдер де жасалмайтыны түсінікті деп ойлаймын. Дегенмен, бос ваканцияларға мүмкіндігінше жергілікті тұрғындарды алуға тырысамыз,-дейді ол.

Бұдан бөлек, «Потенциал Ойл» ЖШС жетекші инженері зиянды қалдықтар, кен орнынан ауаға газ шығару жөнінде де тұрғындардың сауалына жауап берді. Маман қазір газды өндірістің өзіне жеткізе алмай жатқанын алға тартты, тіпті ауылдық округтерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тартылған газ желіснен өндіріске газ тарту үшін тиісті министрліктерге хат жолданып, құжаттары әзірленіп жатқан көрінеді.  

Сонымен қоса, ауыл тұрғындары «Потенциал Ойл» ЖШС-не көгалдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуді ұсыныс етті.

Кездесуде басқа ауылдық округтердегідей, дәрігерлердің тапшылығы, жедел жәрдем көлігінің тозығы жеткендігі, ауылішілік жолдарды тезірек аяқтап, жол белгілерін орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу, мал сою пунктін қайта іске қосу, «Атырау-Астрахан» тасжолына Жанбай ауылының тұсынан мал өткелін қалдыру, каналды күрделі жөндеуден өткізу, қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру, ауылдағы елге белгілі, қазақтан шыққан тұңғыш сүңгуір кеме капитаны Қуанғали Жәмілұлы Ихаровтың есімін ауыл, көше атауларына беру секілді мәселелер көтерілді.

Ауыл әкімі Дидар Есмұхановтың айтуынша, мал сою пункті сенімгерлік басқаруда. Оның іске қосылмай келгені әуелде сенімгерлік басқаруға берілген кезде нысанға ешқандай инфрақұрылым жүргізілмеген. Қазіргі таңда газ, суы тартылған. Электр желісіне қосылуға құжаттары бәрі дайын, нысанды кәсіпкер Есенаман Құрасов өз қаржысына, ұрланып кеткен есік-терезелерін, котел мен жылу жүйелерін бәрін қалпына келтірген, биыл мал сою пункті іске қосылатын көрінеді.  

Аудан әкімі Полымбет Хасанов бір кездері құрылыс жұмыстарына материалдарды сырттан тасымалдауға тыйым болғанын, соның кесірінен жол құрылысы кезінде мердігер мекемелер битум жеткізе алмай қиналғанын, бұл жағдайлар біздің де аудандағы жол құрылыстарының уақытылы аяқталуына кедергі келтіргенін тілге тиек етті. Айта кету керек, Қазақстанның батыс өңірлері Маңғыстау облысындағы битум зауытының өнімдерін алуға мәжбүр болды. Ал, зауыттың үлкен көлемдегі сұранысқа өндірістік қуаты жетпей, бірінші кезекте республикалық маңызы бар жолдардың құрылыстарын жүргізіп жатқан мердігерлерге басымдық беріліп, ауылішілік жол құрылыстарының созылып кетуіне әкеліп соқты. Аудан әкімінің айтуынша, биылдан бастап, көршілес Ресейден қажетті материалдарды тасымалдауға қайта рұқсат берілген, ол өз кезегінде құрылыс қарқынын үдетуге септігін тигізбек.

Ал, жаяу жүргіншілер жолы Жанбай ауылына әзірге салынбайтыны нақты айтылды. Өйткені, аудан бойынша ауылішілік автокөлік жолдары нашар Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Аққыстау ауылдарының жолдарын аяқтап, ретке келтіргеннен кейін ғана жаяу жүргіншілер жолын жасауға жоба жасалмақ.

Сонымен бірге, белгілі адамдардың есімін көше, ауылдарға беру тәртібінің өзгергені жөнінде айтылды. Оған басты себеп, «бармақ басты, көз қысты» белең алып кетуі, Қазақстан бойынша көптеген ауылдар мен елді-мекендерде шағымдардың түсуі, ешкім танымайтын адамдардың есімдерінің жайлап кетуі, қалталылар әке-шешелерінен қолдан қаһарман жасауы, тарихи атауларды негізсіз өзгертіп жіберу секілді бірнеше оқиғалар орын алған. Осыған орай еліміз бойынша елді-мекендерге берілетін атаулардың тізімі бекітілген. Ол тізім ономастикалық комиссияның қарауымен ғана толықтырылып отырады. Сондықтан қандай да бір тұлғаны тізімге енгізу үшін онмастикалық комиссияға ұсыныс түсіріп, ол тұлғаның еңбектерін, атақ-дәрежелерін көрсетіп, ұлықтауға болатын адам екенін дәлелдеу керек, содан кейін барып тізімге енеді. Егер тізімге енсе, ауыл-көшелерге атын беруде ешқандай қиындық болмайды, ауыл тұрғындары жергілікті қоғамдастықтың талқысына салып, өздері үйлестіре алады.

Бұл жөнінде ауыл әкімі Дидар Есмұханов көше атауларын ауыстырарда жақсылап ойлануға кеңес берді, бір көшенің атауын ауыстырып, ертеңгі күні ол көшенің тұрғындары үйлерінің құжаттарын қайта жасауға мәжбүр болса, тұрғын үйді кепілге қойып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алғысы келетіндерге кедергі келтірсе, түсініспеушіліктер туындауы мүмкін. Айналып келгенде, қаржылық мәселелерге апарады.

- Қуанғали Жәмілұлы Ихаровтың есімін біздегі атауы жоқ шекара заставасына беруді ұсынар едім, өзі де соғысқа қатысқан әскери адам,-деді ауыл әкімі.

Канал мәселесі жөнінде тоқталып өткен аудан әкімі Полымбет Хасанов  Махамбет ауданынан бастап 130 шақырымға жуық қашықтықты құрайтын Нарын каналын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттама аяқталғанын, қазіргі таңда жоба экологиялық сараптамадан өткізу сатысында тұрғанын жеткізді. Одан кейін мемлекеттік сараптамадан өтеді, кейін бюджеттік өтінім беріліп, қаржы бөлінсе, күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ. Шамамен, 1,8 млрд теңгедей қаржы кететін көрінеді.

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, барлық ауылдардан қалаға, аудан орталығына жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жұмыстары да «Атырау-Астрахан» тасжолы құрылысының аяқталуымен тікелей байланысты. Жолдың нашарлығына байланысты қазір оған құлшынып отырған кәсіпкерлер жоқ, қоғамдық көлік шыққаның өзінде жолақысы қымбатқа шығады. Мынадый жолда көліктің қосалқы бөлшектері жиі ауыстырылып, күтіп ұстауға да қыруар қаржы кетеді. Түсінгеніміз, қоғамдық көлік қызметі жол құрылысы аяқталғаннан кейін ғана қолға алынады.

Кездесуден кейін аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521