Жанбайлық еріктілер ауылға 100 тал екті

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында экологиялық ахуалға баса назар аударып, көгалдандыру ауқымын кеңейту мәселесін сөз қылды. Президент Жолдауында Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырды.

Сондай-ақ, биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекітудің қажетілігін де атап өткен еді.

«Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді» деді Қ.Тоқаев.

Жолдаудағы аталған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында орманшылардың кәсіби мерекесіне орай орман қоры жерлері мен елді мекендерде ағаш отырғызу акциясы өтті.

Жанбай ауылында ауылдық округ әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған акцияға "B-elsendi" қоғамдық қорының жанынан құрылған ауылдың ерікті жастары белсене араласты. Округ әкімдігінің хабарлауынша, шарада ауыл саябағына 100-ге жуық тал егіліпті.

20egu-min

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттерді орындау мақсатында Жанбай ауылдық округі бойынша көшет отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Осы акцияға Жанбай ауылының тұрғындары және "B-elsendi" қоғамдық қорынан құрылған Дулат Шманов бастаған ерікті ауыл жастары, Жанбай ауылдық округіне қарасты мекеме қызметкерлері, ұйымшылдықпен қатысты. Туған өлкені көркейтіп-көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, атсалысқан ауыл жастарына алғысымды білдіремін, - дейді ауыл әкімі Дидар Есмұханов.

Биылғы қаңтар айында құрылған "B-elsendi" қоғамдық қорының жетекшісі Дулат Шманов «Індетке байланысты карантиндік шектеулер болмағанда, біраз шаруаны еңсеріп тастайтын едік» дейді. Дегенмен олар бұндай қиын кезеңде де қол қусырып қарап қалмай, шама-шарықтары жеткенше тұрғындарға біраз пайдалы іс қылыпты. Солардың бірі - осы акция аясында отырғызылған көшеттер. Дулат Шмановтың айтуынша қордың құрамында күні бүгін 19 ерікті жас бар екен. – Мақсатымыз туған жеріміздің көркеюіне, өркендеуіне үлес қосу, ауылымызға қолдан келгенше көмегімізді тигізу, - дейді қоғамдық қор жетекшісі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT