Дәмі тіл үйіретін торттарымен аққыстаулықтардың көңілін жаулап алған Жансая Бозақаеваның кәсібінің қыр-сыры туралы біздің де білгіміз келген. Таныстықтан соңғы сұхбатымыз сол төңіректе өрбіді.
-Алғаш тәттілерді пісіруді қашан, қалай бастадыңыз?
-Торт пісіруді айтасыз ба, шамамен 2017 жылы бастаған едім. Өзімнің үйренсем деген талпынысым болды. Сол қызығушылықпен арнайы курс жөнінде жарнамадан оқып-біліп, барып қатыстым. Сабақ тек екі күн болған еді, яғни екі күндік курстың нәтижесінде қазір дәмхана ашып отырмын.
-Тәттілерден бөлек қандай тағамдар жасайсыз?
-Мен тек қана торт жасамаймын. Оған қоса уақытында аспаздықты да оқып алған едім. Құлсары қаласынан арнайы маман келген болатын, сол кісінің дәрісін тыңдадым, соның арқасында қазір тағамның барлық түрін пісіріп, дайындаймын.
-Мұндай қадамға баруға кімдердің септігі тиді?
-Өзім Жанбай ауылының қызы боламын. Осы Аққыстау ауылындағы таз әулетіне келінмін. Курсты оқығым келіп, ойланып жүргенімде енем бірінші болып қолдау танытты.
Жалпы, мен қандайда бір курсты оқығым келсе немесе бір істі бастауды ойласам, ең бірінші енеме айтамын, ақылдасамын. Ол кісінің маған қолдауы көп болды. Үйдегі кішкентайларымды қарап, «Қолыңнан келеді, бар, оқы, үйрен. Саған сенемін» деп жігерлендіріп отырады, көмектесіп, ақылын айтады. Енеме ризамын, қандай жағдай болмасын маған қол ұшын созып, демеу болғаны үшін. Ол кісі ақыл-кеңесін қосып, жігерлендірмегенде мен мүмкін, бұл салада жүрмес те едім.
-Аудан орталығынан дәмхана ашу қашан ойыңызға келді?
-Ең бірінші тәттілерді үйден дайындап, тапсырыстар қабылдадым. Үйден жасап жүрсем де тапсырыс берушілердің саны арта берді. Дәмхана ашу да көптен ойымда жүрген, жуырда ғана, қаңтардың 10-ы күні аштым. Дәмханам аудан орталығында орналасқандықтан тұтынушыларыма да ыңғайлы.
-Тәттілерді пісіруді тоқтатсам деген кездеріңіз болмады ма?
-Айтады ғой, бір іс бастағанда бір сызықпен жүрмейді. Жүріп келе жатқан сызығыңнан қисайып кетуің мүмкін, асып кетуің де ғажап емес. Сондықтан, бір істі бастаған адам алға еппен жылжи білуі керек. Сызығынан қисайып кетсе де түзелуге ұмтыла білу керек.
Әрине, тәттілерді бас-тап пісіргенде тапсырыс берушілер саны өте аз болды. Бір күнде бір торт өткен, тіпті, ол да болмай қалған кездер басымнан өтті. Сонда да мойымай, енемнің қолдауымен алға жылжи бердім.
Жалпы, алты жыл болыпты осы салада жүргеніме, Аллаға шүкір, қазір тұтынушыларымның қатары әжептәуір. Осы тәтті торттардан мастер класс та өткізгенім бар. Үйреткен шәкірттерім де осы іспен айналысып жүр.
-Еңбегіңіз жана берсін. Қолыңызға дерт бермесін.
Сұхбаттасқан:
Жұлдыз АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ