Жарасымдылықтың жарқын мерекесі

1мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні.  Дүйсенбіде дүйім қазақстандық болып атап өтетін бұл күн - еліміздегі ең жарқын да жарасымды мерекелердің бірі. Бұл - Қазақстан аумағында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажеттігін санаға сіңіре түсетін, соның жарқын мысалдарын үлгі ететін күн. Сонысымен де бұл мерекенің маңызы зор.

 Қашаннан қонақжай да бауырмал, «ырыс алды – ынтымақ», «бірлік түбі – береке» деп білетін қазақ халқы үшін бұл мереке жандарына жақынырақ десек те болады. Әрине, мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқын толық танып-білген, оның дәстүрі мен салтынан, тәлімі мен тағылымынан хабары мол еліміздегі өзге де ұлт өкілдеріне де ынтымақ пен бірліктің бағасы жоғары деп айта аламыз. Олардың бәрі бұл мерекенің мәні мен маңызы айқынырақ, ашығырақ болғанын, оның өз мәнінде тойлануын қалайды.

Осы ретте осынау мерекенің көктемнің соңғы айының алғашқы күні тойлануы неліктен екеніне үңілудің де артығы жоқ. Оған нендей тарихи оқиғалар себеп болды екен дегенге келгенде, мерекенің кешегі өткен тарихи деректеріне көз салсақ, бұрын айтылып жүргендей, оны алғаш ойлап тапқан большевиктер, Чикагода ереуілге шыққан жұмысшылар емес екенін аңдаймыз. Бұл мереке тарихының тамыры тереңде жатыр екен.

Бұдан үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы әйел құдай Майяға табынған ғой. Соның құрметіне олар көктемнің соңғы айын «май» деп атап, осы айдың бірінші күнінде серуендер өткізіп, түрлі тойлар жасайтын болған. Бұл енді мерекеміз алғашқы күнін иеленген май, қазақша мамыр айы хақындағы бір дерек десек, 1 мамыр мерекесінің тарихы Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде 1889 жылдың шілдесінен атап өтіле бастапты. Одан үш жыл бұрын, яғни 1886 жылдың 1 мамырында АҚШ-тың жұмысшылары 15-сағаттық жұмыс күніне қарсы ереуіл ұйымдастырып, зауыт басшыларынан жұмыс күнін 8 сағат деп белгілеуді талап еткен. Олардың наразылық білдіру әрекеттері 4 күнге созылады. Нәтижесінде, ереуілге қатысқан жүздеген адам тұтқындалып, алты жұмысшы мерт болады, 50-і түрлі жарақат алады. Жұмысшылар үшін, тіпті мұның өзі кедергі болмаған. 1889 жылдың маусымында Париждегі 2 Интернационалдың 1 Конгрессі 1 мамырды - 8 сағаттық жұмыс күні үшін Халықаралық күрес күні немесе Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні деп атау туралы шешім шығарады.

Ресей империясында бұл мейрам 1890 жылы жұмысшылардың ереуілге шығуы ретінде аталып өткен екен. Бір жылдан кейін Петербург қаласында бірінші «маевка» (төңкеріске дейінгі Ресейде - еңбекшілердің революциялық құпия жиналысы) ұйымдастырылды. 1897 жылдан бастап «маевкалар» саяси сипатқа ие болып, жаппай демонстрациялармен қатар өткен. 1917 жылдың 1 мамырында бұл мереке алғаш рет ашық тойланды. Елдің барлық қалаларындағы миллиондаған жұмысшылар Коммунистік партияның «Барлық билік кеңестерге берілсін!», «Министр-капиталистердің көзі жойылсын!» деген плакаттарымен алаңға шықты.

Кешегі Кеңес Одағында Еңбекшілердің ынтымақтастық күні мемлекеттік мереке болып табылып, сән-салтанатпен атап өтілгенін де көбіміз көре қалдық. Ауыл-ауылдарда жалаушалар желбіреп, ауыл жанындағы бәйгетөбелерде ат шабыс, атан жарыстар ұйымдастырылатын. Адамдар бірін-бірі мерекемен құттықтап, жақсы тілектер тілесіп жататын.  1 және 2 мамыр  демалыс күндері ретінде өтетін. Қазіргі таңда 1 мамыр әр елде әрқалай аталып, әртүрлі тойланып жүр. Мәселен,  Ресейде бұл мереке өзінің бастапқы саяси мағынасынан айырылып, көктем және еңбек күні болып саналады екен.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде елімізде 1996 жылдан бастап тойланып келеді. Бұл – 1995 жылдың 18 қазанында 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Қазақстан Республикасының Президенті қол қоюымен жүзеге асып келе жатқан іс.

Бұл күні Қазақстан Республикасында тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын мерекелік шаралар өткізу берік дәстүрге айналып үлгерді. Түрлі ұлт пен ұлыстар өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан еліміздегі үлкен-кіші қалаларда, барлық елді мекендерде сол күнгі шараларда ән айтып, би билейді. Қалаларда, облыс орталықтарында мерекеге әртүрлі мәдени орталықтар атсалысады. Олардың мақсаты - Қазақстан халқын өзге халықтардың дәстүрлерімен таныстыру. Мейрамға еңбек ұжымжары, түрлі деңгейдегі оқу орындары студенттері, әртүрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жалпы тұрғын халықтың белсенді қатысуы да көрініс беріп жүр. Мерекенің жарқын көріністерінің бірі ретінде этномәдени көрмелер ұйымдастыру да қолға алынып келеді. Шағын музейлерден белгілі бір ұлтқа тән киім үлгілерін, үй заттарын, әшекейлерді көру де әр ұлттың бірін-бірі жақын танып, ынтымаққа ұйи түсуіне сеп десек болар. Бұл күні кітапханаларда да ынтымақ-бірлікке үндеген түрлі шаралар ұйымдастыру, кітап көрмелерін жасақтау дәстүрге енген. Мұның бәрінің бастауында бірлікке шақырған, ынтымаққа үндеген ізгі тілек, игі ниет жатқаны да анық.

Иә, ынтымағымыз ырысқа ұласып, бірлігіміз берекеге айнала бергей, ағайын!

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521