Жарқын жолды Жолдау

Бүгін 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялады. 
Экономикалық қиын кезеңдердің шарпуынан әлеуметтік жағдайы да осалсып, тапшылықтың зардабын  басынан кешіп жатырған ауыл-аймақтың адамдарының өздері сенген Президентінен күткені де осы шығар, бәлкім.


Жолдауда не айтылды? 
Жолдауда алдымен тәуелсіз жылдарда қандай экономикалық жетістіктерге қалай қол жеткізгеніміз айтылды. Әрине, алпауыт елдердің сәт сайын жаңғырып, қадамы қарыштағанын көріп, біліп отырып қана қоймай, бәсекелестік тұрғыда көп жерде ұрымталдық танытып, алға ұмтылғанымыз шын нәрсе. Тыңнан түре салу ұмытылған жоқ. Оған «Қазақсан» деген мемлекеттің ТМД елдерінің арасынан суырылып шығып, дүниежүзілік  басқосуларда ортадан орын алып жүргені дәлел. Қуануға толық уәждер жеткілікті. Бірақ жасайтын жұмысымыздың ауқымы мен жауапкершілігін ешқашан азайтуға болмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында бюджетті тиімді басқару мәселелеріне тоқталды. Айтуынша, жергілікті бюджетті басқару құқығын аудан әкімдеріне тапсырған жөн. "Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек", - деді президентіміз. 
       Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында ауылдық округтің әкімі азаматтар тікелей сайлайтын атқарушы органның-әкім аппаратының (жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігінің) басшысы болып табылады және де әкімнің негізгі функцияларына: жер қатынастарын реттеу, елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын есепке алу және оларға көмек көрсетуді ұйымдастыру, елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитариялық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырумен қоса өзге де күн тәртібінен түспейтін мәселелерді шешу кіреді.

      Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерімен ең алдымен ауыл, аудан әкімдері бетпе-бет келеді. Халықтың сұранысы мен талап-тілегін реттілікпен жоспарлап, қомақты  қаржы сұрап алудың қанша уақыт пен төзімді тауысатынын тек жұмыс жасаған әкімдер ғана біледі. Қарапайым халыққа қиындықтарды  түсіндіргенде кезең –кезеңімен жасалатын жұмыстар ретінде айтамыз. Әр жұмыстың тек мемлекеттік сатып алу порталында  ашық конкурс жариялау арқылы жасалынатыны, ол процестердің өзіндік талаптарына сай жүргізілетіні, кәсіпкерлердің республиканың түкпір-түкпірінен жеңімпаз болып анықталатынын түсіндіреміз. Көп жұмыстың нәтижелі болуы кәсіпкерлердің адамгершілігіне байланысты екенін жасыруға болмайды.
    
        Бюджетке жиналатын салық туралы айтылғанын оң санаймыз. Ауылдық округтердегі төртінші деңгейлі өз бюджетінің кірістері салық түсімдерінің  алты түрінен, түрлі төлемдерден, айыппұлдардан, коммуналдық мүліктен түсетін кірістерден және жоғары тұрған бюджеттен берілетін трансферттерден қалыптасады.  Төртінші деңгейлі бюджеттің қаржысын  өз бетінше (яғни жоғары деңгейдегі бюджеттерге  тәуелділікті азайту) молайту үшін ауылдық округтің әкімшілік-аумақтық бөлінісінде орналасқан жерлерде мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің табыс салықтарын, кен орындары мен уақытша табыс табу үшін жұмыс жасаушы (жол салушы, карьер қазушы, желілер жүргізуші, нысандар салушы) компаниялар мен жеке кәсіпкерлерлерден сол уақыт ішіндегі табыстарының салығын, сондай-ақ  жердің бүлініп, қоршаған ортаның ластануына жол бергені үшін (міндетті түрде болады) салынатын айыппұлдарды, аукционнан түскен қаржыларды ауылдық округтің есеп шотына аударту арқылы ауылды абаттандыру, көгалдандыру, жұмыссыз адамдардың кәсіптік сауатын ашуға оқыта отырып, кәсіппен айналысуға ауыл, аудан әкімінің грантын беруге, әлеуметтік әлсіз топтардың денсаулықтары мен тұрмыстық деңгейін оңалтып алу сияқты көптеген мәселелерді жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік жасалады есептейміз. 
Ендеше, Президенттің Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға бар-күш жігерімізді жұмсауға дайынбыз.

                 

Исатай ауданы  Қамысқала ауылдық округінің әкімі            Р.Тәжиденова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT