Бүгінгі таңда электр энергиясы – қоғам өмірінің барлық саласын байланыстырып тұрған стратегиялық ресурс. Тұрғындардың күнделікті тұрмысынан бастап, білім беру, медицина, өндіріс пен ауыл шаруашылығына дейінгі барлық бағыттың тұрақты жұмысы электр қуатына тікелей тәуелді. Сондықтан электр энергиясын үздіксіз жеткізу, оның қолжетімділігі мен әділ бағасын қамтамасыз ету – энергетика саласының басты міндеттерінің бірі.
Осы орайда аудан тұрғындары мен тұтынушыларына электр энергиясын сату бағасына қатысты енгізілген өзгерістер туралы хабардар етуді маңызды деп санаймыз. Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне және қосылған құн салығы мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаюына байланысты, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап электр энергиясын сату бағаларына тиісті түзетулер енгізілді.
Атап айтқымыз келетіні, бұл өзгерістер электр энергиясының тарифін қайта қарауға байланысты емес, тек қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруінен туындап отыр. Қазіргі таңда қолданыстағы тарифтерге тоқталсақ, электр энергиясын сатудың орташа бағасы қосылған құн салығын есептегенде бір киловатт-сағат үшін 42,78 теңге деңгейінде белгіленді. ЖШС немесе кәсіпкерлігі бар заңды тұлғалар үшін электр энергиясының бағасы 47,91 теңгені құрайды. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар үшін тариф 79,52 теңге болып бекітілген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу саласында пайдаланатын тұтынушылар мен «Атырау СуАрнасы» коммуналдық кәсіпорны үшін электр энергиясының бағасы орташа деңгейде, яғни 41 теңге шамасында сақталды.
Тұрғындар үшін электр энергиясына қатысты сараланған тариф жүйесі қолданылады. Бұл жүйе әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделіп, тұтыну көлеміне қарай белгіленген. Мәселен, электр плитасын пайдаланбайтын тұрғындар үшін айына бір адамға дейінгі тұтыну көлемінде электр энергиясының бағасы шамамен 23 теңгенің төңірегінде болса, тұтыну көлемі артқан сайын тариф 30 теңгеден асып, жоғары деңгейде 37, 45 теңгеден жоғары мөлшерге дейін өскен. Алайда «Атырау Жарық» мекемесі тұрғындар үшін 24,96 теңге көлеміндегі бірыңғай тарифті бекітті. Ол тарифке ауысу үшін «Атырау жарық» мекемесінің Исатай аудандық электр жүйесіне келіп арыз жазу арқылы жүзеге асыра алады. Электр плитасын пайдаланатын тұрғындар үшін де осыған ұқсас деңгейлер қарастырылған. Жалғыз тұратын зейнеткерлер үшін тұтыну шегінің жоғарырақ белгіленуі – әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Бұл тарифтік саясат электр энергиясын үнемді пайдалануға ынталандырып қана қоймай, энергия ресурстарын әділ бөлуге мүмкіндік береді. Аз тұтынған азамат аз төлейді, ал көп тұтынған жағдайда төлем мөлшері де соған сәйкес өседі.
Бұл – бүгінгі таңда мемлекет ұстанып отырған «әділ тариф» қағидатының нақты іске асуы. Электр энергиясының бағасын қалыптастыруда басты мақсат – саланың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Тариф құрамына электр желілерін күтіп-ұстау, жөндеу, жаңғырту, апаттардың алдын алу, заманауи құрал-жабдықтарды енгізу және сала қызметкерлерінің еңбекақысы кіреді. Осы жұмыстардың барлығы тұтынушыларды жарықпен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз етуге бағытталған. «Атырау Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін тұтынушылармен ашық әрі түсінікті байланыс орнату – басты қағидалардың бірі. Сондықтан тарифтік өзгерістер туралы ақпарат уақытылы жеткізіліп, есептеу тәртібі мен тұтыну мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Электр энергиясы – шексіз ресурс емес, сондықтан оны үнемдеп пайдалану әрбір тұрғынның ортақ міндеті.
Алдағы уақытта да аудан бойынша электр желілерінің сенімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды электр энергиясымен тұрақты, қауіпсіз әрі әділ бағамен қамтамасыз ету.
Шаттық БӨКЕЕВ,
Исатай аудандық электр жүйесінің басшысы


