Алдыңғы жылы елімізде коммуналдық қызметтер қымбаттап, азаматтар жарық, су үшін 1 шілдеден бастап орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін өскен жаңа тарифтер бойынша төлей бастайтыны айтылған. Осыдан кейін 1 шілдеден бастап Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Түркістан, Жетісу және Қарағанды облыстарында, Алматы және Астана қалаларында тариф бағасы көтерілгені, қалған өңірлерде де тарифті көтеру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Қызметтер бағасы қанша пайызға өсті және оған не себеп дегенге келгенде, сол жылдан бастап энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сондай-ақ, электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру басталғаны айтылды.
Үкіметтің айтуынша, елімізде тозығы жеткен коммуналдық желілерді қалпына келтіріп, осы саладағы мамандардың жалақысын көтеру үшін тарифті көтеруге қажеттілік туындаған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі министрліктің алдында Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2030 жылға қарай коммуналдық желілердің жалпы тозу көрсеткішін 40 пайызға дейін төмендету міндеті тұрғанын, жылумен жабдықтау желілері бойынша 43 пайызға дейін, сумен жабдықтау бойынша 32 пайызға дейін, су бұру бойынша 44 пайызға дейін жоспарланғанын, тозуды төмендету бойынша нысаналы индикаторлар белгіленіп, өңірлерге жеткізілгенін де атап айтқан.
Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілген «Жол картасы» шеңберінде «Инвестиция орнына тариф» жаңартылған бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын баян қылды.
–Биылғы 1 маусымнан бастап министрлік берілген өтінімдерге сәйкес 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сінің электр энергиясына шекті тарифтерін түзеді, олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24 пайыз құрайды. Электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр, - деді Энергетика министрі.
Болжамды тарифтік саясатты қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейіне жыл сайынғы индекстеуді ескере отырып, электр энергиясына шекті тарифтерді ұзақ мерзімді кезеңге бекіту мүмкіндігі қаралған. 7 жылда шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып, бұл ақшаны 60 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді күрделі жөндеуге жұмсайтыны мәлімделді. -Жалпы алғанда, барлық қазақстандық жылу электр орталығы мен энергетикалық кешеннің инфрақұрылымын ретке келтіру үшін 182 млрд теңге қажет. Егер биыл тарифтер 30 пайызға өссе, келер жылы өсім 10-30 пайыз, ал одан кейінгі жылдары 7-8 пайыз болады. Яғни коммуналдық қызметтер жыл сайын біртіндеп қымбаттайды, - деді сол жолы Ұлттық экономика министрі.
Деректерге қарағанда, тарифтердің өсуі кей өңірлерде 10 пайыздан басталса, кей жерлерде 30 пайызға дейін бару мүмкіндігі де айтылды. Өйткені, есеп бойынша әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар екен. Мысалы, желілердің тозуы, инвестицияны тарту деңгейі немесе маман жалақысының аздығы, онымен қоса желілердің көп не аз болуы. Яғни әр өңірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін, сол себептен есеппен санаған кезде 10-30 пайызға дейін өзгеріп отырмақ. Мұның бәрі сол 2023 жылдың еншісінде қалған деректер мен дәйектер.
Жекелеген тұрғындар тарапынан электр энергиясын тұтыну азырақ болатын жазғы уақытта жарыққа тарифтің бұл өсімі көп сезіле қоймағаны анық. Алайда, электр энергиясын тұтыну елімізде коммуналдық қызмет тарифі өсіп, жарық құны қымбаттағаны электр энергиясын көбірек тұтынатын қаңтар айында байқалып қалды. Қымбатшылық қалталарына «қол сұққанша», яғни бұрындары қысқы мезгілде 5-10 мың теңгеден төлеп келгендер енді оған 10-30 пайыз қосылғанда «шок» болғаны түсінікті. Өйткені, қайда көз салсаң да қымбатшылықтың кейпі танылатын қазіргідей уақытта көпшіліктің қалтасы жұқара түскені өтірік емес. Аты-жөнін көрсетпей-ақ қоюды өтінген бір ауылдас ері мен әйелі ғана тұратын өз отбасына тұтынған электр энергия-сы үшін төлем 21 мың болып келгенінде не дерге білмегенін жасырмайды. Бұл жөнінде еш жерден ешқандай түсінік не хабарландырулар оқымағанын, қолдарына түбіртек келгенде тіпті сенбегендерін, бұл бір қателік болар деп ойлағандарын да айтады ол. Ал, жағдайы бар бір ауылдасымыз электр энергиясы үшін төлемі 80 мың теңгені құрап келгенін айтып мұңайыпты. Соған қарағанда тарифтердің көтерілуі бардың да, жоқтың да жанына бататын сыңайлы. Енді не істеу керек? Бұл қымбатсу 7 жылға созыларын жоғарыда айттық, әлі бақандай 5 жылы бар. Қолға тиген деректерде кейбір жағдайы жоқ жандарға мемлекет тарапынан қолдаулар болатыны да көрсетілген.
«Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің түсіндіруінше, біздің облыс-та тұтынушыларды электрмен жабдықтау қызметін биылғы қаңтар айынан бас-тап «Атырау-Жарық» АҚ жүзеге асыратын болады» деп жазды облыстық «Атырау» газеті. Онда айтылғандай, «2024 жылғы 8 шілдеде Қаақстан Республикасының Президенті «Жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттелетін қызметтер мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі» деулі департамент басшысы. «Соған сәйкес, 2025 жылдан бастап бөлшек сауда нарығындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау функцияларын «Электр энергиясы туралы» заңнаманың біліктілік талаптарына сәйкес келетін энергия беруші құрылымдарға (АЭК) жүктеу ұйғарылды.
Бұл алдымен тұтынушыларды электрмен жабдықтау қызметінің тиімділігіне қол жеткізуді көздейді. Осылайша, жоғарыда атап көрсетілген норманы немесе заң талабын іске асыру шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті біліктілік талаптарына сәйкес келетін 1 АЭК лицензиясын берді. Соның негізінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бас-тап тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауды «Атырау Энергосату» ЖШС орнына «Атырау-Жарық» АК жүзеге асырады».
Бұл ретте департамент басшысы электрмен жабдықтау жөніндегі қызметтің бағасы өзгермегенін, яғни тұтыну тарифтері осыған дейін қолданыста болған деңгейде (ҚҚС-сыз) 31,71 теңге/кВтсағ, оның шінде жеке тұлғалар үшін - 16 теңге/кВтсағ, заңды тұлғалар үшін – 40,32 кВтсағ, бюджеттік мекемелер үшін 59,66 кВтсағ көлемінде сақталатынын атап өткен.
Дейтұрғанмен, мамандар бағаның көтерілуі көпшілікке айтарлықтай әсер етпейді дегенді де көлденең тартулы. Оның жолы қандай? Тарифтердің тек биыл ғана емес, алдағы бес жыл бойына көтерілуі жағдайында қалтамыздағы тиын-тебенімізді қалай үнемдеп баға аламыз. Біз ойымыздағы осы бір сауалдың жауабын іздеп, «Атырау-Жарық» АҚ Исатай сату учаскесінің басшысы Бақытжан Алпысбаевқа да хабарластық.
- «АтырауЭнергоСату» ЖШС биылғы 1 қаңтардан бастап «Атырау-Жарық» АҚ құрамына кірді. Бұл өзгеріс бағаға еш әсерін тигізбейді.
Жеке тұлғаларға электр энергиясы 1 кВт сағатқа 2024 жылғы 1 қарашадан бастап мынадай бағаға қымбаттады:
- негізгі баға – 17.92 теңге;
- бірінші деңгейде – 16.98 теңге;
- екінші деңгейде 21.50 теңге;
- үшінші деңгейде – 26.88 теңге.
Негізгі баға адам санына байланысты (бір үйде неше адам болса да бәрібір) есептегіш бойынша жағылған электр энергияға қолданылады. Тұрғындар бұл бағаға көшу үшін бір жыл бойы ай сайын пайдаланған электр энергия мөлшерін анықтауы керек. Бұл баға адам саны аз, ал тұтынған электр энергия мөлшері көп болса ғана тиімді.
Бір адамға 110 кВтсағат болып белгіленген. Мысалы, бір үйде мекен-жай анықтамасы бойынша тіркелген 5 адам болса, бірінші деңгеймен төлеу үшін 550 кВт сағаттан аспауы керек, ал бұдан көп болса екінші деңгей (110-190-кВт сағатқа дейін) бойынша, үшінші деңгей 190 кВт сағаттан көп болған жағдайда. Жалпы, тұрғындардың көп төлеу себептері тіркелген адам санын нақтыламау, ай сайын есептегіш көрсеткішінің алынғандығын қадағалап отырмауы себеп болады. Осы жерде тұрғындарға айтар өтініш – ай сайын жұмыс уақытында бақылаушылардың көрсеткіштерді алуына мүмкіндік жасау. Заңдылығында тұрғын мүмкіндік жасауға міндетті, бірақ бақылаушылар тұрғындардың өтініші бойынша әр айдың 23-і мен 31-і аралығында уақытпен санас-пай жұмыс істеп келді, алға қарай да сол бағытта болады.
Бұрын баға арзан болған жағдайда 2-3 айда көрсеткіш алуға мүмкіндік жасаған кездерде ол көп байқалмады, ал қазіргі жаңа бағамен ол отбасылық бюджетке үлкен әсерін тигізгені белгілі. Тұрғындардың қаперіне беретін тағы бір жайт - әр ай сайын тұтынылған электр энергия үшін шоттағы көрсетілген қаражатты уақытылы төлеп отыруы керектігі. Бір айға кешігер болса, кейін екі ай үшін қосып төлеу қиындық келтіреді, себебі баға бұрынғыдан қымбат. Осы бір жағдайды мұқият ескеруді сұраймыз, өйткені ол тұрғындардың өздері үшін керек.
Учаске басшысының айтуынша, жоғарыдағы айтылған кеңестерді ойға түйе жүрсек қиындықтарға көп ұрынбауға болар еді. Ол сондай-ақ ұзақ жылдар бойы биліктің ыңғай бермеуімен тұрғындар әр кВт сағатқа 4-5 теңгеден төлеп келгенін, алайда қызмет көрсету шығындары өсе бергенін тілге тиек қылып, бұған жұртшылықтың да түсіністікпен қарап жатқанын жеткізді. –Әрине, бағаның қымбаттауы отбасылық бюджетке әсер етеді, алайда бұл жерде бірінші мықты есептілік керек, үнемдей білуге де ұмтылған теріс емес,-дейді ол.
Мамандар тарифтердің көтерілуі соңғы уақытта жиі көрініс беріп жүрген апаттардың азайып, коммуналдық қызмет сапасының артуына септігін тигізеді деген пікірде. Өйткені одан түскен қаржы жоғарыда айтылғандай, сол саланың жылдар бойына қордаланып қалған кем-кетігін түзеуге, жұмыс жағдайларын жасауға, жаңартуға, жаңғыртуға жұмсалмақшы. Лайым солай болғай.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР