«Жасқайратқа газ керек» дейді елді мекен тұрғындары

Жасқайрат елді мекенінде атқарылған жұмыс аз емес.

Атап айтсақ, ауылда телефон байланысы, емдеу мекемесі жұмыстары жақсарып, баспасөз таралымы жолға қойылған. Мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бәрінен де үйлерге таза ауыз судың келгені жасқайраттықтар үшін басты жаңалық. Елді мекенде Қамысқала ауылдық округі әкімі Р.Тәжиденова былтырғы атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Ауыл әкімінің есептік баяндамасынан соң тұрғындар ой-пікірлерін ортаға салды. Айтылған түйткілдердің ең негізгісі – көгілдір отын мәселесі. Тұрғындар атынан сөз алған Қ.Арыстанов басшылардан ауылға газдың қашан келетіндігін сұрады.

–  Жасқайрат елді мекені – демалыс орындарын салуға қолайлы өңір. Осыны ескерген кәсіпкер азаматтар ауылдан балалар лагерін ашуды жоспарлап отыр. Оған ең бірінші қолбайлау болып отырған жағдай – елді мекенге табиғи газдың келмеуі. Бұл мәселе шешімін тапса, ойға алып отырған жұмыстар жүзеге асар еді, - дейді ол.

Бұл сауалға жауап берген аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан Жасқайрат елді мекеніне газ желісін жүргізуге жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамаға жіберілгендігін айтты. Бұл - күні ертең болмаса да жасқайраттықтар табиғи отын пайдаланады деген сөз.

Елді мекен тұрғыны Т.Қабденов ауыл шетінде шашыраңқы орналасқан үйлерге ауыз су жеткізу мүмкіндігі жайын сұрады. Аудан әкімінің орынбасары әзірше су айдағыш құрылғының күші келмейтінін, ал, мамандардың айтуы бойынша, қысымның өте күштілігінен негізгі желіден су алу мүмкіндігі жоқ әрі заңсыз екендігін атап, дегенмен, алдағы уақытта ол мәселені де шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

-  Ауылмен екі орта тиіп тұрған жер емес. Әсіресе, қыс айларында қатынас мәселесі қиындайтыны белгілі. Көлік бұзылып болмаса қалың қар себепті жолда қалу қаупін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондай сәттерде байланыс құралының маңызы жоғары, - деген тұрғын Б.Рахметов ұялы байланыс қызметі жолға қойылса деген ұсынысын білдірді.

Сондай-ақ, жиында аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев былтыр жарық көрген Елбасының 5 әлеуметтік бағдарламасын түсіндіріп өтті. Одан соң аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспар жайында қысқаша баяндады.

Жиын соңында ауыл тұрғыны Ж.Рахметов округ әкімінің былтырғы жұмысына оң баға беріп, ауыл басшысының алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521