15 сәуірде бастау алған, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бокстан жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир 18 сәуір күні өз мәресіне жетті.Ауқымды дода аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өтті.
Төрт күн бойы аудан төрінде өткен тартысты турнирге Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Атырау қаласының спорт мектептері және өңірге қарасты жеті ауданнан барлығы 235 жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, бозкілемге шыққан барлық былғары қолғап шеберлері жанкештілік танытып, бар шеберліктерін паш етті. Рингтегі әр кездесу – күрделі тактикалық тартысқа, қызу эмоция мен жеңіске деген жігерге толы болды. Нәтижесінде, жарыс қорытындысы бойынша Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшылары командалық есепте 1-орын иеленіп, аудан намысын абыроймен қорғады. Бұл жүйелі дайындықтың, бапкерлер мен шәкірттердің бірлескен еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Турнир барысында үздік өнер көрсеткен қатысушылар арнайы аталымдармен марапатталды. Түркістандық Жанарыс Оспан «Үздік боксшы» атағына лайық деп танылса, атыраулық Амангелді Қағарман «Үздік техникасы үшін» номинациясын иеленді. Ал жеңіске деген табандылығы үшін атыраулық Берік Мансызбайға «Жеңіске деген жігері үшін» марапаты табысталды. Жарыс төрінде әділ төрелік еткендер де назардан тыс қалмады. Жылойлық Әділет Көрпебаев «Үздік төреші» аталымымен марапатталып, еңбегі еленді. Сонымен қатар турнирге қатысқан командалардың бапкерлеріне аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали алғыс білдіріп, естелік сый-сияпаттар тарту етті. Осындай ауқымды жарыс-тар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, достық пен татулықты, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Ең бастысы – жеңіске деген сенім мен жігердің арқасында исатайлық балғын спортшылар тағы бір мәрте өздерінің үздік екенін дәлелдей алды.
Сағыныш ҚАЙЫР