Жас дарын иесі - Ақбота

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», деп Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ел ертеңі – бүгінгі жастар. Елімізде жастарға үлкен сенім артылып, көптеген мүмкіндіктер берілуде. «Оқимын, ізденемін, өсемін» деген жас болса мемлекет бетін қақпай белін бууда.

 

Сондай жас дарын иесі – Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының  11-сынып оқушысы Ақбота Қамбарқызы. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қабілетін шыңдап, қазақ тілі және әдебиетін оқуға ерекше зейін қойып, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанып, туған жерінің абыройын асқақтатуда. Сыныптастары Ақботадан үлгі алса, ұстаздары шәкіртімен мақтанады, ал ата-ана баласының жетістігіне балаша мәз. Оның айғағы –  жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында өткен ІІ «Абай әлемі» атты шығармашылық байқауының эссе жазу номинациясына қатысып, жүлделі І орынды қанжығасына байлауы. Сайыстың шарты бойынша тақырыптардың ішінен біреуін таңдап, қара қылды қақ жарған сөз майталманы бола білді. Аталған жүлдесі үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ақшалай жүлдесіне де ие болды. Биыл 22 ақпанда аталған байқаудың жүлделі ІІ орын иегері атанып, көркем сөздің хас шебері екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. 27 ақпан күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында «Мен Қазақстанды не үшін сүйемін?» атты шығармашылық байқауында жүлделі І орынды иеленді. Аталған шығарма жазу байқауына еліміздің 14 облысы мен 3 басты қаласынан 132 оқушы қатысып, бақ сынады.

-Ақбота қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ерекше қызығушылықпен оқиды, қатарластарынан оқ бойы озық екенін іс жүзінде дәлелдеп жүр. Аталған жүлделер біздің ауданның ғана емес, облыс мерейін асырған жеңіс деп білемін. Абайдың мұраларын санасына сіңіріп жүрген Ақбота болашақ мамандығын филологиямен байланыстырады. Өзінің ана тілін сүйіп оқып, әсіресе, Абай шығармаларына айырықша қызығушылықпен қарайды. Сондықтан біз де ұстаз ретінде оқушының қабілетін байқап, оны шыңдап, биік белестерді бағындыруға аянбай тер төгудеміз. Ақбота сияқты ойы ұшқыр, қаламы жүйрік жас дарын иелерінің қатары көп болсын! Шәкіртіміз Ақботаның болашағына зор үмітпен қараймыз. Шәкірттің әр жетістігі – ұстаздың мерейі,-дейді түрлі деңгейдегі додаларға дайындап жүрген жетекшісі Айдана Байболатова. Айта кетейік, Айдана Байболатва да шәкіртінің жетістігі үшін «Дарын» ғылыми практикалық орталығының арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521