26 қыркүйек күні Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары мен 35 жасқа дейінгі аудан жастары арасында «Жас дарын» облыстық ғылыми жоба конкурсы өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қолға алынған бұл шара «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылды. Биылғы байқауда қазақ тілін жеделдетіп үйретуге бағытталған инновациялық идеяларды ынталандыруға басымдық берілді. Қатысушылар мобильді қосымшалар мен жаңа бағдарламалар әзірлеу арқылы мемлекеттік тілді меңгертудің тиімді жолдарын ұсынды.
Конкурстың басты мақсаты – жастардың ғылыми әлеуетін шыңдау, қоғамдағы белсенділігін арттыру, ойшылдығын, шығармашылығын және жобаны қорғау мәдениетін дамыту. Әрбір қатысушы белгіленген уақыт ішінде өз жобасын түсінікті әрі дәлелді қорғап, аудиториямен және командасымен байланыс орнату, жеңіс пен жеңілісті қабылдай білу секілді қабілеттерін көрсетті.
Жастар осындай қоғамдық шараларға қатысу арқылы ізденіс жолына түсіп, тәжірибе алмасып қана қоймай, болашаққа серпін беретін тың бастамаларды өмірге әкелуге машықтанды.
Аталмыш конкурс нәтижесінде Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзагалиев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушылары Мұхси Нұргүл мен Қизатулла Айназ «Аманқос Ершуов және қазақ әдебиетіндегі модернизм» тақырыбындағы ғылыми жобаларын сәтті қорғап, Алғыс хатқа ие болды.
Өз тілшіміз