Өнер — ұлттық рухтың айнасы. Ал сол өнердің бастауы бала кезден қаланатыны анық. Осы орайда, облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімі жас өнерпаздардың талантын шыңдау мақсатында «Жас орындаушылар байқауын» дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Биыл екінші мәрте өткен байқау Жанбай балалар саз мектебінде өтті. Бұл дода музыка мектептерінде қосымша білім алатын оқушылардың шығармашылығын дамытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға, сахна мәдениетін ерте жастан үйретуге мүмкіндік беретін ерекше алаң болды.
Сайыс шарты бойынша қатысушылар бұған дейін ешбір конкурсқа қатыспаған болуы тиіс. Бұл жас дарындардың алғашқы үлкен сахнаға шығуына жол ашып, оларға өздерін көрсетуге бірегей мүмкіндік береді. Биылғы байқауға аудандағы үш саз мектебінен – Новобогат балалар саз мектебі, Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебі және Жанбай балалар саз мектебінен 120 жас өнерпаз қатысты.
— Бүгін аудан саз мектептері оқушылары арасындағы дәстүрлі өнер додасы Жанбай балалар саз мектебінің ұйымдастыруымен өтуде. Қатысушылар қатары жыл сайын артып келеді. Бұл – өте қуантарлық жайт. Басты мақсатымыз – «Кіл жүйріктің ішінен кім жүйрік?» дегендей, ең үздіктерді анықтау. Байқау төрт номинация бойынша өткізіліп жатыр. Олар – халық әні, прима қобыз, бас қобыз, домбыра және сырнай аспаптары. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз,-деді Жанбай балалар саз мектебінің директоры Сағия Кемпірбаева.
Байқау барысында жас өнерпаздар өз шеберліктерін жеке орындаушылар және ансамбльдік қойылымдар арқылы көрсетті. Жанбай балалар саз мектебінің кіші топ домбырашылар ансамблі мен сырнайшылар ансамблі ерекше өнер көрсетті. Әрбір өнерпаз сахнада өнер көрсеткен сәтінде музыкаға деген сүйіспеншілігін, жүрек түкпіріндегі нәзік сезімдерін көрерменге жеткізуге тырысты. Байқау қорытындысы бойынша талантты оқушылар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталды. Жүзден жүйрік шыққандар «Лауреат» және «Дипломант» атағын иеленді. Бұл марапаттар олардың өнер жолындағы алғашқы белесі ғана. Ең бастысы – жас дарындардың өнерге деген құштарлығы, сахнадағы жарқын бейнесі мен алға ұмтылысы. Осындай байқаулар жас таланттарды шыңдап қана қоймай, олардың болашақта үлкен сахналарға қадам басуына себепкер болары анық. Ұлттық өнерді дәріптеген жас орындаушылардың бүгінгі талпынысы – ертеңгі рухани бай мұрамыздың жалғасы болмақ.
Әсел ТАБИҒАТОВА