ЖАС КӘСІПКЕРДІҢ ЖАҢА БАСТАМАСЫ

Еліміздің ертеңі бүгінгі жастарымыздың қолында десек, өміріміздің әр саласында заман талабына ілескен жастар қатарының молыға түсуі - қуантарлық көрініс әрі көңілге сенім де ұялатар жайт. Олар және бұрындардағыдай қалалық жерлерде ғана емес, ауылдарда да баршылық. Солардың бірі - Қамысқала ауылының тұрғыны, жас та болса көпке үлгілі жан Айгерім Жақсыбаева.

Бұған дейін де өз кәсібін өрге дөңгелетуге талпынып келе жатқан Айгерім енді ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін «Aio foods» атты шағын кафе ашып қуантты. Заман талабына сай қызмет көрсету қолға алынған кафеде тез дайындалатын тағам өнімдері ұсынылады, келушілердің караокемен ән шырқауға да мүмкіндігі бар. Бұның бәрі жас кәсіп иесінің 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант бойынша өткен жылы өз жобасын ұсынып, төрт жүз еселенген қайтарымсыз грант иегері атануы арқасында жүзеге асқан шаруа екен. Айта кетерлік бір жайт, жас кәсіпкер осыған дейін Шымкент қаласындағы арнайы мамандар ұйымдастырған арнаулы курста да оқыған. Бүгінгі күні сол алған білімі кәдеге жарап, өзіндік бастамасын өрісті етуге кірісті. Жаңа нысан ашылған күні ауыл тұрғындарына жылдам дайындалатын тағамдардың үлкен тізімі қолжетімді бағалармен ұсынылуы да көпті қуантты.

8e0004db-144c-4a5d-9d18-e7d67234fe76

-Бизнес бет бұрғаныма төрт жылдай уақыт болды. Әуелі өз қызығушылығыммен қызметімді үйден бастадым. Ол уақытта он алты жасқа енді толған менің бизнестің қыр-сырынан хабарым аз еді. Өткен жылдың жазында  ауылдың орталығынан шағын орын ашып, кәсібімді кеңейте бастадым. Негізгі мақсатым ауыл жастары бос уақытында бастарын қосатын кафе ашу болды. Кейін жас кәсіпкерлерге қолдау ретінде берілген мемлекеттік грантқа құжаттарымды тапсырып, тамыз айында қайтарымсыз грант ұтып алдым. Бұл қолдау маған үлкен көмек болды, алға ұмтылдырды, бір орында тұрып қалмай, тың бастама, жаңа бағытпен жұмыс жасауды жөн көрдім,-дейді жас кәсіпкер.

                                                                                      Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521