Жас құтқарушылар сынға түсті

Құтқарушы-көп қырлы мамандық, физикалық тұрғыда шыдамды, батыл, өжет, батыр, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қалыптасқан жағдайды лезде бағалай білетін және оған сәйкес әрекет етіп, команда құрамында жұмыс істей алатын, әрқашан өзгелерге көмектесуге дайын адам.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық білім бөлімі бірлесіп «Жас құтқарушы» слетін өткізді. Слеттің басты мақсаты өскелең ұрпақпен жұмыс істеудің жаңа формалары мен әдістерін енгізу, бейінді жастар ұйымдарының бағдарламаларымен және жобаларымен таныстыру, өзара тиімді ынтымақтастық бойынша бірлескен бағдарламаларды әзірлеу және енгізу. Тіршілік қауіпсіздігі мәселелеріне, өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар туындаған жағдайда дұрыс әрекет ету дағдыларына, зардап шеккендерге  алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету. Сонымен қатар балаларды және жастарды төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға дайындауға, өзіне-өзі және өзара көмек көрсетуге бағытталған қолданбалы спорт түрлерімен айналысуға тарту.

Байқауға аудан бойынша тоғыз мектеп қатысты. Қатысушы командалар бірнеше сайыстар бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, «Өрт сөндіру эстафетасы», «Газет-жарнама қалқаны», «Дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету» және «Техногендік авария аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары» мен «Өткел» сайысы бойынша бақ сынасты. Слеттің әділ әрі талапқа сай өтуін қадағалаушы қазылар алқасының құрамында аудандық білім бөлімнің басшысы  Гүлайна Құрманғалиева, білім бөлімінің тәрбие бойынша әдіскер Гүлмира Ещанов және  аудандық төтенше бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллин мен аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Қайырғали Утешов болды. Төрешілер тапсырмалардың орындалу жылдамдығын, сапасын есепке ала отырып, қатысушылар еңбегін сараптады. Спорттық сайыстарда әрбір жас төзімділік пен жігер-күшін байқатты, әр команда алғы шептен көрінуге ұмтылды.

Көшбасшылық қасиетке ие, қимыл-қозғалысы ширақ, шешімді дер кезінде қабылдай алатын жастар  өздерінің бар қабілетін сайыс арқылы көрсете алды. Ең бастысы, қатысушылар құтқарушы мамандығының маңызы мен мәнін түсініп,  жұмыстың қиындығы мен қызығын қатар аңғарды. Он бес-он жеті жас аралығындағы оқушылар аталмыш слетке қатысу арқылы  кейбірі болашақ мамандығы ретінде құтқарушы мамандығын таңдамақ ойлары бар екенін айтты. Ал кейбір қатысушылар өзінің жаңа қырын танып, бірнеше қабілеттерін байқаған. Сондай-ақ олар тақырыпқа сай сурет салу арқылы төтенше жағдай бөлімнің қызметін одан әрі айқындай түсті.

  • «Жас құтқарушы» слетінің негізгі көздегені жастарды отансүйгіштікке баулып ғана қоймай, өн бойындағы түрлі қабілетті ашу болатын. Байқау да өз міндеті мен мақсатын толық орындады деп есептеймін. Сайыс жоғары бәсекелестік жағдайында өтті, жеңімпаздарды бағалау да оңайға түскен жоқ. Қатысушылар да, олардың жаттықтырушылары да жоғары талап тұрғысынан көрінуге мүдделілік танытты. Барлық ауданда бірдей талапқа сай жаттығу орындары жоқтығын жақсы білеміз, соған қарамастан, слетке қатысушылар санаулы сәттердің өзінде тәжірибе жинақтауға, үздіктер үлгісін меңгеруге ұмтылыс білдіріп жатты,-деді  аудандық төтенше бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллин.

Қатысушылар әр сайыстың міндетін талапқа сай уақытында орындау арқылы бір-бірінен оза шапты. Тәжірибелі әрі жан-жақты қабілетті команданың асығы алшысынан түсіп, жүзден жүйрік атанды. Байқау нәтижесінде Исатай орта мектебінің командасы ІІІ орынға табан тіресе, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының командасы ІІ орын, ал Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің командасы жүлделі І орынды иеленді. Ал облыстық кезеңде аудан намысын Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің командасы қорғайтын болды.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT