«ЖАС МУЗЫКАНТ» БАЙҚАУЫНДА

Ауданда балалар музыка және өнер мектептерінің арасында республикалық «Жас музыкант» байқауының аудандық кезеңі өтті. Жарысқа Ш.Шәріпов атындағы саз мектебі, Жанбай және Новобогат балалар саз мектептерінен баян, қобыз, домбыра сыныбында оқитын 30-ға жуық өнерпаз бен екі ансамбль қатысты.

Доданың басты мақсаты – балалардың классикалық, халықтық және заманауи музыкаға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ аспаптарда ойнау шеберлігін шыңдау.

– Қобыз, домбыра, сырнай аспаптары және ансамбльдер байқауға қатысып, өнерпаздар өз шеберліктерін тамаша көрсетті. Ансамбльдерден екі топ шықты, олардың деңгейлері жоғары, бағдарламаларының әрқайсысы ерекше таңдалып, кәсіби тұрғыдан терең дайындықпен ұсынылды. Бұл жетістіктердің артында жетекшілерінің зор еңбегі мен шығармашылықпен жұмыс жасағаны айқын көрініп тұр. Олардың балаларға берген білім мен рухани қолдауы байқаудағы өнерлі өнерпаздардың өнерін биік шыңға көтерді,-дейді Атырау музыка колледжінің оқытушысы Манар Естаева балалардың өнеріне жоғары баға беріп.

Жарыс нәтижесінде домбыра аспабынан кіші топтан Медет Мусин, Талант Дарынұлы, орта топтан Әділ Орынбасар мен Айзере Қуанышқызы, жоғары топтан Айкөркем Нариманқызы жеңімпаз атанды. Қобыз аспабынан кіші топта Жадыра Темірқызы, Әмина Саадатқызы, орта топтан Диана Нұрболқызы облысқа жолдама алды. Баян сыныбы бойынша кіші топтан Ақерке Баубекқызы мен Аяулым Серікболқызы бірінші орынды қанжығаларына байлады. «Ақ желкең» домбырашылар ансамблі де облыстық кезеңде бақтарын сынайтын болады.

Сайысқа Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінен домбыра, сырнай және қобыз мамандары Сарларбек Абилова, Баубек Нұрланұлы, Манар Естаева, сондай-ақ ауданнан Сагия Кемпірбева, Асылжан Хамитов, Гаухар Исакулова қазылық етті.

– Бұл байқау үш жылда бір өткізіледі. Байқау арқылы саз мектептері мұғалімдерінің кәсіби шеберлігі мен құзіреттілігі, балалар шығармашылығын дамытудағы жұмыстар көрінеді. Аудандық кезеңнен орын алғандар облыстық кезеңге өтеді, -дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Шынар Махсотова.

Бұл байқау балалардың шығармашылық әлеуетін ашып қана қоймай, саз мектептерінің педагогикалық жұмысындағы маңызды жетістіктерді молайта түсті.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT