Өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту мен жобаларды басқару бойынша жүргізілген "Жас проджект" жобасының аудандағы грант иелері жоспарға сай жоба жұмысын жүзеге асырып келеді.
Қатысушылар 31 қазан мен 3 қараша аралығында екінші рет ілгері оқыту тренингінен өтті. Бұл жолы оқыту ауданымызда ұйымдастырылды.
Қатысушыларды оқыту тренингіне аталған жастар корпусын дамыту жобасының басшысы Гүлмира Ескендірованың өзі арнайы келіп, дәрістің басы-қасында болды.
- Жоба аяқталып келеді, біз күткен мақсат та жүзеге асуда. 11-қарашада Атырау қаласында аймақтық форум өтіп, оған жобаның барлық қатысушылары қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар форумға ауданнан 9 жоба көрмеге ұсынылып отыр. Олар өз өнімдерін облыс жұртшылығының алдында көрсететін болады. Осы аудандағы жобаға қатысқан жастар мен кеңесшілерге, менторларға үлкен алғыс айтамын, - деді ол. Оқыту барлық қатысушылар үшін міндетті болып табылады. Егер қатысушылар оқудан өтпесе, оларға шәкіртақы төленбейді. Мүгедектігі бар адамдарға, жүкті әйелдерге, 1 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге онлайн қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Жалпы аталған тренинг барысында Айбарша Абдрахманова, Ақтолқын Бисешова, Арайлым Қалиева секілді тренерлер әр қатысушы үшін жобаны әрі қарай дамыту жолдарын соның ішінде кәсіпкерліктің, бизнестің қыр-сырын үйретіп, осы оқыту нәтижесінде қатысушылар әлеуметтік жобаларын тұрақты дамытуға ынталанып, мансапты жоспарлау мен кәсіби даму, кәсіби желіні құру заңдылықтарымен танысты.
Қарашаның соңында жоба аяқталады, ал, бірқатар жобалар аудан халқының мүддесі үшін жұмыстарын әрі қарай әлеуметтік және кәсіпкерлік негізде жалғастырады деп күтілуде.
Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА