ЖАС ҰСТАЗДАР СЫНҒА ТҮСТІ

Ж.Мырзағалиев орта мектеп базасында «Жаңашыл мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтер байқауының аудандық кезеңі өтті. Аталмыш сайысты аудандық білім бөлімінің әдіскері Қарлыға Дузбаева алғы сөз сөйлеп, жас ұстаздарға сәттілік тіледі.

 Бұл шараның мақсаты: жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық потенциалын арттыру, кәсіби шеберліктерін жетілдіруге жағдай жасау болып келеді. Байқауға жалпы білім беретін мектептерден үш жылға дейінгі педагогикалық еңбек өтілі бар 8 жас ұстаз қатысып, 3 кезең бойынша бақтарын сынады. Атап айтқанда, бірінші, «Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазып, өңірлік басымдылықтарын, кәсіби-тұлғалық позиция, педагогикалық идеяларын айтты. Екінші, «Шығармашылық жолдың бастамасы» TEDх форматындағы таныстырылым арқылы байқауға қатысушы жас ұстаздар өзін таныстырып, мамандығына деген көзқарасын ұсынды. Үшінші, жас мамандар бір тақырып төңірегінде даярлап келген «Ашық сабағын» өткізді.

Жас ұстаздардың қай-қайсы да сабақ өткізуде оқушылардың білімге ынтасы мен қызығушылығын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойындарды тиімді қолдана алатындығын көрсете білді.

Осылайша тартысты өткен білім додасының нәтижесінде, Ж.Мырзагалиев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айғаным Нұроллаева, Исатай орта мектебінің математика пәні мұғалімі Нұрдәулет Махсотов, Ф.Оңғарсынова орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Орынгүл Ғұбашева 3 – орын еншілесе, Өркен орта мектебінің математика пәні мұғалімі Әсел Аққалиева мен Абай атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Еркежан Молдағалиева 2 – орынды місе тұтты.

Ал қатарынан алға озып шыққан Аққыстау  орта мектебінің математика пәні мұғалімі Назым Абаева 1 – орын иеленді.

Сайыс соңында, жас ұстаздардың жеке тұлғалық дамуына және оқу үдерісін жетілдіруіне ықпал ету, әлеуметтік қолдау мақсатында «облыстық  білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының аудандық комитеті» филиалының ақшалай сый-сияпаты ұсынылды. Сонымен қатар, байқау жеңімпазы, математика пәні мұғалімі Назым Абаева облыстық кезеңге жолдама алды.

 

 Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT