Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мәдениет пен өнерді жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімдеу қажеттігі жөнінде айтқан ойлары – уақыт талабына сай аса өзекті бастама. Қазіргі заманда жаңа технологиялар барлық салаға еніп жатқан шақта, мәдениет саласының да жаңаша даму жолын табуы, озық тәжірибелерді қабылдауы – рухани сала үшін үлкен мүмкіндіктер ашатыны анық.
Президентіміз атап өткендей, өнер адамдары еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрін шетелге таныстырып, халықтың рухани қазынасын әлемге паш етіп келеді. Бұл – зор құрметке лайық еңбек. Мемлекет тарапынан мәдениет қайраткерлеріне қолдау көрсету – олардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды жаңа заман талаптарына сай дәріптеуге жол ашады.
Бүгінгі күні мәдениет саласында да цифрландыруды енгізу, жасанды интеллектті қолданысқа енгізу арқылы жаңа бағыттарды дамытуға болады. Мәселен, архив қорларын толық цифрландыру, тарихи деректерді жасанды интеллект негізінде жүйелеу, виртуалды көрмелер мен онлайн театр қойылымдарын ұйымдастыру – мәдениетті кең аудиторияға жеткізудің тиімді тәсілдері. Мұндай қадамдар ұлттың рухани мұрасын сақтап қана қоймай, оны жас ұрпаққа жаңаша үлгіде жеткізуге мүмкіндік береді.
Исатай ауданында да мәдениет пен өнерді дамытуға, жастардың шығармашылығын қолдауға айрықша көңіл бөлініп келеді. Ауданымызда түрлі өнер үйірмелері, шығармашылық орталықтар жұмыс істейді, жас өнерпаздардың қабілетін шыңдауға жағдай жасалуда. Бұл – ауылдық жердегі мәдени өмірді жандандырудың айқын көрінісі.
Президентіміздің бастамаларын толық қолдай отырып, мәдениет саласын жасанды интеллект дәуірінің талаптарына сай жаңғырту – еліміздің рухани жаңғыруына тың серпін беретініне сенімдімін. Бұл бағыттағы жұмыстарға әрбір мәдениет қызметкері белсене атсалысып, халықтың рухани өмірін байытуға өз үлесін қосуы тиіс.
Еммат АЗЕРБАЕВ,
Исатай ауылдық клубының көркемдік жетекшісі