Жасанды интеллект – білім мен болашақтың тірегі

 

Мемлекет басшысы мерзімді баспасөз «Түркістан» газетіне берген ауқымды сұхбатында Қазақстанның цифрлық трансформация жолында сенімді қадам жасап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып, жедел дамып келе жатқан Alatau city қаласының құрылысы басталды. Сонымен қатар мемлекеттік деректерді жинау және талдау жұмыстары күшейтіліп, бұл ақпараттар алдағы дәуірдің жаңа «алтыны» ретінде бағаланып отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні жүйелі дамыту мақсатында былтыр мамыр айында арнайы кеңес құрылғанын, оның құрамына шетелдік және отандық беделді сарапшылар тартылғанын айтты. Қараша айында «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылып, жуырда күшіне енбек. Бұған қоса Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлері іске қосылды. Астана қаласы әкімдігі шетелдік серіктестермен бірлесіп, дербес цифрлық платформаны іске асыруда.

Білім мен кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Мемлекет басшысы өз сөзінде мектептер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект бағытындағы білім беру бағдарламалары кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын атап өтті. AI-Sana бағдарламасы аясында 650 мыңнан астам студент білім алды. Алдағы уақытта жасанды интеллектке мамандандырылған зерттеу университетін ашу жоспарлануда.

Жасанды интеллект дәуірі елдердің даму деңгейін айқындап отыр. Осыған байланысты цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт ретінде белгіленді. Бұл бастамалардың табысты жүзеге асуы ең алдымен білім саласының сапасына байланысты.

Осы орайда біздің білім ордасы да заман талабына сай оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізуге басымдық беріп келеді. Болашақтың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеу – ортақ міндет.

 

 

Жасұлан Алипов,

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT