Еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар тақырыптың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы. Биылғы Жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» деген атаумен ұсынылып, қоғамның барлық саласына тың серпін берді. Әсіресе, білім беру саласына жүктелген міндеттердің маңызы айрықша.
Президент атап өткендей, жасанды интеллект – бұл алдағы күндердің ғана емес, бүгінгі өмірдің де шындығы. Сондықтан оны тиімді игеру – өркениетті мемлекетке айналудың басты шарты. Ең әуелі мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды жаңа технология негіздеріне баулу тапсырылды. Арнайы әзірленетін бағдарламалар арқылы балалар тек компьютерлік сауаттылықты меңгеріп қоймай, логикалық ойлау қабілетін дамытады, шығармашылық тұрғыдан еркін шыңдалады. Бұл – болашақ ұрпақтың ғаламдық бәсекеге қабілетті болуына жасалған нақты қадам.
Сонымен бірге, ұстаздардың да рөлі ерекше. Жаңа дәуірдің мұғалімі тек дәстүрлі әдіспен сабақ беруші емес, жасанды интеллектті, заманауи цифрлық құралдарды еркін меңгеріп, шәкіртін жаңашыл ойлауға жетелеуші тұлға болуы тиіс. Мұндай талап білім сапасын арттыруға, оқушыларды заман көшінен қалдырмай, жаңа дәуірдің озық білімді азаматтары етіп тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды бастама – «Қазақ Digital мектебі» үлгісін құру. Бұл ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептер үшін тең мүмкіндік беретін жаңа жоба. Қашықтан оқыту мен жасанды интеллект технологияларын ұштастыра отырып, шалғай ауылдағы балалар да қаладағы замандастарымен бірдей сапалы білім алмақ. Демек, білім беру сапасындағы алшақтық біртіндеп азайып, ауыл мен қала арасындағы теңсіздік жойылады.
Осылайша, Президентіміздің Жолдауы – жасанды интеллект дәуірінде білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртудың нақты бағытын айқындап берді. Бұл бастамалар іске асқанда, еліміз өркениетті әлеммен терезесін тең ұстайтын, жаңа технологияларды игерген, білімді де бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізеді.
Гүлайна Құрманғалиева
Атырау облыстық Білім беру басқармасының Исатай аудандық бөлім басшысы