Жасанды интеллект негіздері — мектептегі білімнің жаңа бағыты

 

Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект (ЖИ) негіздері бойынша арнайы бағдарлама мен сапалы оқу материалдарын әзірлеу аса маңызды. Қазіргі заман – технологиялық серпіліс дәуірі. Мұндай жағдайда жас ұрпақтың жасанды интеллектті ерте жастан түсініп, меңгеруі – болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына негіз болады. ЖИ – тек ІТ саласының емес, медицина, ауыл шаруашылығы, көлік, білім беру сияқты түрлі бағыттардың негізгі құралына айналып келеді. Сондықтан бұл білімді мектеп қабырғасынан бастап игеру – заман талабы.

Арнайы бағдарлама арқылы оқушылар жасанды интеллекттің қалай жұмыс істейтінін, машиналық оқыту, деректерді өңдеу, алгоритмдер құру сияқты маңызды ұғымдарды түсінеді. Бұл олардың логикалық ойлауын дамытып, мәселеге жан-жақты қарауға үйретеді. Сонымен қатар, технологияны тек тұтынушы ретінде емес, оны жасаушы, жетілдіруші ретінде қабылдай бастайды. Бұл – олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, белсенді азамат ретінде қалыптасуына да ықпал етеді.

Мұндай білім беру оқушылардың қазіргі заман талабына сай икемделуіне көмектеседі. Тек теориямен шектелмей, практикалық тапсырмалар, жобалық жұмыстар арқылы оқушылардың қызығушылығын оятып, нақты дағдыларды меңгеруге жағдай жасау қажет. Бұл болашақта оларға еңбек нарығына дайын, технологиялық сауатты, сұранысқа ие маман болуға жол ашады.

Сондықтан еліміздің білім беру жүйесі уақытты өткізіп алмай, осы салада нақты қадамдар жасауы тиіс. Бұл – тек білім саласының ғана емес, ел болашағының дамуына салынған инвестиция.

 

Асқар АБУОВ,

Нарын ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT