Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында алаяқтыққа, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған. Өйткені, Қазақстанда қазір интернет алаяқтығына тыйым болмай тұр. Технологияның тілін мықты меңгерген алаяқтардың күн өткен сайын құрығы ұзарып, алдапарбаудың жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап табуда.
Қазіргі уақытта интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін де түбегейлі өзгерте білді. Яғни цифрлы технологиялардың біздің өмірімізде маңызды рөл атқаратыны баршамызға белгілі. Олардың көмегі арқылы тұтынушылар өздеріне виртуалды қызметтер мен өнімдерге қол жеткізе отырып, белгілі бір тауарларға тапсырыс береді. Тапсырыстың тез әрі жылдам келуі, оған қоса нарықтағы бағасының төмен болуы тұтынушыларды қызықтыратындығы айдан анық. Осылайша интернет арқылы сатылымға шығатын тауардың нарықтағы бағасы төмендеп, тұтынушылардың өздеріне деген қызығушылығын күн санап арттыру үстінде. Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасудың ғана емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналған.
Дегенмен, интернет және әлеуметтік желілерді жетік меңгерген әккілер, осындай виртуалды қызметтерді пайдалану арқылы халықты сан соқтырып, өздерінің қылмыстық пиғылдарын іске асыруға кіріскен.
Бұрын осындай алаяқтар танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау арқылы өздерінің құрығына түсіретін болса, енді алаяқтар қарапайым азаматтардың да аккаунттарын пайдалану жолымен өз қылмыстарын жалғастыру үстінде.
Алаяқтық қылмыстың схемасы қарапайым: кез келген адамның әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады.
Интернет алаяқтықтың тым көбейіп кетуі қоғамдық резонанс тудырып отырғаны да белгілі. Қазақстанда бұл қылмыс түрінің ең көп таралған тәсілдерінің бірі – интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осындай жолмен жасалған. Екіншісі – микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу. Жиі қолданылатын үшінші тәсіл – азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатты жымқыру.
Өкінішке қарай, қарапайым халық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Мәселен, соңғы уақытта өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтар көбейген. Әдетте олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстыру арқылы, сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес береді. Алайда азаматтар өздерінің алаяқтардың құрығына тап болғандарын өздері аңғармай қалады.
Қылмыскерлер азаматтар-дың жеке деректерін алу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады, солардың кейбір түрлеріне тоқталайық: мәліметтерді алудың кең тараған түрі азаматтарға әлеуметтік желілер, мессенджерлер, электрондық пошта арқылы фишингтік сілтемелерді жіберіп, ондағы сұрақтарға жауап беруді сұрайды. Сонымен қатар, азаматтарға әртүрлі ұтыс ойындарының жеңімпазы болдыңыз, интернет желісі арқылы заттарды курьер арқылы жолдаймыз және осы сияқты сылтауларды айта отырып азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізеді.
Бұл дегеніміз аудан халқының алаяқтық қылмыскерлердің айласына түсіп, еңбекпен тапқан адал ақшаларынан айырылуына алып келуде.
Осыған байланысты қарапайым тұрғындардың осындай интернет-алаяқтардың құрығына түсіп қалмай, өздерінің адал еңбекпен тапқан қаражатының оңай жолмен қылмыскерлердің табысына айналуынан сақтануы қажет.
Жандос Қайдаров,
Исатай ауданы прокуратурасының Прокуроры
сурет ашық дереккөз