Өткен аптада Жасқайрат елді мекенінде балалар ойын-сауық алаңы салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Бұл ойын алаңның ашылуы - балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына септігін тигізіп әрі ауыл балаларын қуанышқа бөлегені рас.
Ауыл тұрғындарын осы қуанышты сәтпен аудан әкімі Н. Мусин құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ, жаңа алаңның лентасын қию рәсімі аудан әкімі Н.Мусин мен Жасқайрат елді мекенінің тұрғыны, ардагер Қ. Хайрлинге жолданды.Әрмен қарай, аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, құлақтың құрышын қандырды.
Тұрғындар игілікті іске мұрындық болған азаматтарға және мердігер, жеке кәсіпкер К.Б.Казикановқа шынайы ризашылықтарын білдірді.
Балалар мәз-мейрам.Тіпті ата-аналарын ерте келіп, бірге асыр салып ойнап жүрген сәтке де куә болдық. Осы орайда, алғысын жаудырып, ерекше толқыныспен толқып жүрген ауыл тұрғынын сөзге тарттық.
-Иә, ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көріп, жүзіне жылулық үйірілген сәтіне куә болудан асқан бақыт бар ма? Бұрын балаларымыз мұндай ойын алаңын тек қалаға барғанда ғана ойнайтын. Енді, міне, өзіміздің де демалатын, бүлдіршіндердің де ойын алаңы бары бізді қуантады. Заманауи үлгіде жасалған әткеншек, айналмақ, сырғанақ бәрі тамаша. Шалғайдағы ауыл тұрғындарына яки кішкентай бүлдіршіндерге көңіл бөліп жатқан басшылыққа, кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз, -деді ол ризашылығын жеткізіп.
Жұлдыз СЕМБИЕВА