Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кездесу өтті

(0 Votes)

Қазіргі жаһандану заманында ел болашағы – жасөспірімдер мен жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді.

 Қазіргі жаһандану заманында ел болашағы – жасөспірімдер мен жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді. Өйткені әлеуметтік желілерден алынған, сүзгіден өтпеген ақпараттардың шамадан тыс көптігі жақсы-жаманның аражігін ажыратып үлгермейтін өскелең ұрпаққа елеулі қауіп-қатер де төндіріп отырғаны шындық. Еліктеушілігі басым елең-алаң шақтарында олар үшін жағымсыз дүниенің бірі - нашақорлық.

Бұл ретте жасөспірімдердің сондай жат әдеттерден бойын аулақ ұстап, теріс жолға түспеуі үшін де ақпараттық-насихат жұмыстарының пайдасы зор болмағы белгілі. Оның маңыздылығы ескерілгендіктен де күні бүгін бұл тұрғыда ауданымызда да атқарылып жатқан жұмыстардың көбеюі көңілдегі күдікті де сейілте түспегі кәміл деуге болады. Өйткені, бала – біздің болашағымыз. Ендеше оның дені сау, болашағының жарқын болуы – ата-ана, мектеп қана емес, бүкіл қоғамға қатысты десек қателеспегеніміз. Сондықтан мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып, онда балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік пен есірткі қолданудың жастардың денсаулығына тигізер зиянын жан-жақты бірлесе талқылаудың берері аз емес деп білеміз.

Біздің аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен де «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған» кешенді жоспарын іске асыру мақсатында  жалпы білім беретін білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесулер ұйымдастырылып келеді. Нақты айтқанда, мұндай жүздесулер Аққыстау, Өркен, Исатай, Новобогат орта және Абай атындағы, Ж.Мырзағалиев атындағы, Ғ.Мәсәлімов атындағы, Х.Наубетов атындағы, Ф.Оңғарсынова атындағы, Гагарин атындағы орта мектептерде өткізілді. «Есірткісіз болашақ», «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру мен салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жүргізу және жастар арасында синтетикалық есірткілердің таралуының алдын алу мақсатында 5-11 сынып оқушылары арасында өткен бұл кездесу жиындарында балалармен ой бөлісіп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырдық.

Сонымен қатар, жүздесулер барысында режиссер Ринат Балғабаевтың «Закладка» фильмі көрсетіліп, оқушыларды есірткі тарату мен оның салдары туралы тереңірек ой түюге жетеледік. Осынау өзекті мәселеде маңызды ақпараттар берілген бұл кездесулер жастардың жарқын болашағы жолында жасалған өте маңызды бір қадам болды деп есептейміз. Бұл жұмыстар алда да жалғасын таба беретін болады.

 

Айсұлу ТЕЛЕУБАЕВА,

аудандық полиция бөлімі

 жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің

кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік

инспекторы,

полиция подполковнигі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT